Астана әуежайында 160 мың долларды шетелге шығармақ болған адам ұсталды

Еркеғали Болатұлы

Елде 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынған

фото: kleo.ru

Жолаушы Астана әуежайы арқылы 160 мың АҚШ долларын алып өтпек болған. Бұл тасымалдауға рұқсат етілген 10 мың доллардан 16 есе көп, деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Астана халықаралық әуежайы Авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ұшу алдындағы тексеру жүргізу барысында шамамен 160 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты шетелге алып өтпек болған жолаушыны анықтады. Тексерістен кейін әуежай қызметкерлері жолаушыны аталған қаражатпен бірге құзырлы органға тапсырды, - делінген мәлімдемеде.

Әуежайдың баспасөз қызметі президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес, 10 мың АҚШ долларының баламасынан асатын сомада қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынғанын еске салды.