Назарбаева басшылық еткен ұйымға қарасты орталықтың акциялары мемлекет меншігіне қайтарылады

Айнұр Шошаева

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы 2018 жылы құрылды

2019 жыл, Н.Назарбаев пен оның кенже қызы Ә.Назарбаева Халықаралық жасыл технологиялар орталығында

Үкімет «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ акциялары мемлекет меншігіне қайтару туралы қаулы қабылдады.

«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің “Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы” коммерциялық емес акционерлік қоғамы акцияларының жалпы пакетінің 50 (елу) пайызын + 1 акциясын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын», — делінген қаулы мәтінінде.

Орталық 2018 жылғы сәуірде экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге бағытталған ОҚТ (ең озық қолжетімді технологиялар) қағидаттарын енгізу арқылы жасыл технологияларды ілгерілету және бизнесті қолдау мақсатында құрылды.

2018 жылғы желтоқсанда 50 пайыз + 1 акция тікелей атаулы сату арқылы «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ-ға берілді.

Осылайша, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ акциялар пакетінің 100%-ы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басқаруымен мемлекет меншігінде болады.

Еске салайық, Әлия Назарбаева 2022 жылға дейін Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының басшысы болды. Оның 4 ақпанда бұз қызметінен кеткенін Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева растады.