Ақтөбеде кәсіпкер әйел асыл тұқымның орнына қарапайым аттарды сатып жіберген
32 миллион 299 мың теңгені бюджетке қайтару туралы шағым түсті
Ақтөбеде асыл тұқымды жылқылардың орнына қарапайым аттарды сатып алған спорт мектебіне қатысты дау туындады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Мемлекеттік тексерушілер тендерді жеңіп алған кәсіпкер әйелді сотқа берді. Одан қаржыны қайтару немесе аттарды келісімшартта көрсетілген жануарға ауыстырып беру талап етіліп отыр.
Ұлтық спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар-жастар мектебі 13 сәйгүлікті осыдан бір жыл бұрын сатып алыпты. Сол кезде-ақ тексеру барысында жылқылардың таза қанды емес екені анықталған. Іс сотқа дейін жетіп, мектеп директоры даудан кейін өз еркімен қызметінен кеткен.
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 32 миллион 299 мың теңгені бюджетке қайтару туралы шағым түсірді. Қазір сот бұл істі қарап жатыр. Бұдан бөлек, міндетін орындамағаны үшін, яғни шығынды қайтару туралы қаулы бойынша шешім қабылдамағандықтан спорт мектебінің лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік іс қозғалды, – деді Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.