Биыл Қазақстанда 18 жасқа толған 305 мыңнан астам балаға Ұлттық қордан ақша аударылады, деп хабарлады Halyq uni.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында eGov.kz арқылы ешқандай өтініш берілмейді. Ата-аналар тек қана бала туралы ақпараттың бар-жоғын тексеріп, мәліметтердің дұрыстығын тексеруі қажет. Бұл ақпаратты eGov.kz порталы мен мобильді қосымшасында цифрлық құжаттар бөлімінде отбасы мүшелері туралы бөлімшеден қарауға болады. Біз балалар туралы мәліметтерді цифрлық құжаттарға енгіздік. Сондықтан ешқандай мәлімет жоғалып кеткен жоқ, тек бөлімдер ауыстырылып, барлық ақпарат бір дереккөзден көру үшін бір жерге орналастырылды, - деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ маманы Арманай Мирасқызы.
Сондай-ақ ол баланың мәліметтері қате көрсетілген болса, ата-аналар ол туралы хабарлауы керек екенін ескертті.
Қай мәліметтің қате екенін көрсетіп, туу туралы куәліктің көшірмесін жүктеп, өтінішті жіберу қажет. Егер ақпарат мүлде жоқ болса, «баланы қосу» деген батырманы басып, ЖСН теріп, өтініш жібереді. Өтінішті АХАЖ бөлімінің қызметкерлері 2-5 жұмыс күні ішінде қарастырады. Содан кейін барып, ақпарат порталға енгізілетін болады, - деді Арманай Мирасқызы.
Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры Мұрат Шәріповтің айтуынша, 15 қаңтарда балалар мәліметтерінің барлық мемлекеттік органдардың мәліметтерімен сәйкестігі тексеріліп бітеді. Ол мәліметтер 1 ақпанда жарияланады.
Барлық мәліметті жариялайтын боламыз. Сондықтан ата-аналар үшін баланың ЖСН-інің болуы және оның электронды үкімет порталына енгізілуі маңызды. Бүгінгі күнгі ақпарат бойынша Қазақстанда 7 миллионға дейін бала бар. Биыл 18 жасқа толған 305 мыңнан астам балаға қордан ақша беріледі. Бұл балаларға шот автоматты түрде ашылатын болады. Сондықтан ешбір мекемеге барып, құжат тапсырудың қажеті жоқ, - деді ол.