Астанадағы «Жастар театрының» декорациясын әзірлеген кәсіпкер 2 млн теңге шығынға батқан
Шығынға батқан кәсіпкер «Әділдік жолы» көмегіне жүгінді
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы бойынша филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбеков елордадағы «Жастар театры» МКҚК-де болған заңсыздықты әшкереледі.
«Әділдік жолы» өкілінің жазуынша, театр басшылығы алдымен кәсіпкерге декорация жасауға тапсырыс беріп, артынан 2,8 млн теңге талап еткен. Алайда кәсіпкер мұндай заңсыздыққа жол бергісі келмей, қоғамдық ұйымның көмегіне жүгінген.
С.Жеңісхан есімді кәсіпкер «Жастар театрының» қызметкерлеріне қатысты жемқорлық фактілері туралы ақпарат жеткізген. Кәсіпкердің айтуынша, 2022 жылы театр мен кәсіпкер арасында 3 123 000 теңгеге спектакльге декорацияларды дайындау жөнінде мемлекеттік сатып алу шарты жасалады. Шартқа қол қойғаннан кейін театрдың мәдени ұйымдастырушысы Н.Құлбатыр мен директордың орынбасары М.Ордаханов бірігіп 2 800 000 теңгені ақшалай түрде беруді сұрап, ал қалған 323 мың теңгені кәсіпкердің өзінде қалатынын айтқан.
«Кәсіпкер 2 миллион теңгеге қажетті материалдарды сатып алғанын айтып, ақшаны беруден бас тартады. Көрдіңіздер ме, спектакльге декорациялар қажет деген сылтаумен мемлекеттік сатып алуды өткізіп, ақшаны қалтаға басудың осындай да жолы бар. Тіпті, спектакель өткізу үшін сол сатып алудың қажеті де шамалы. Театрдағы басқа да қойылымдарға декорация дайындау үшін мемлекеттік сатып алу қаншалықты заңды өтіп жатыр? Оны ешкім білмейді. Талдау мен тексеріс жүргізетін құқық қорғау органдары жоқ», - деп жазды Дархан Құлжамбеков.
«Әділдік жолы» өкілінің жазуынша, қалалық мәдениет басқармасы осы факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп, директордың орынбасары М.Ордахановты ҚР Еңбек кодексінің 52-б. 13) тармақшасына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан шығару тапсырылған. Алайда, М.Ордаханов 2023 жылы өз өтініші бойынша қызметінен босатылған.
Ең қызығы, кәсіпкерден 2 800 000 теңге ақша талап еткен мәдени ұйымдастырушы Н.Құлбатыр қызметін алаңсыз жалғастырып жатыр екен. Тәртіп комиссиясы «Жастар театры» басшылығына Н.Құлбатырдың іс-әрекеттерін қарауды тапсырған.
Ал 2 млн теңгеден астам қаражатын жұмсап қойған кәсіпкер енді тапсырыс беруші шартты бұзып, тағы әуреге салып жатқанын айтады.