Павлодар облысында балабақша директоры мен есепшісі сотталды
Павлодар облысында балабақша директоры мен есепшісі 62 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлады.
Аққулы аудандық сотының хабарламасына сүйенсек, 2023 жылғы 28 желтоқсанда сот Аққулы ауданы білім бөліміне қарасты «Қызғалдақ» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры мен есепшісіне қатысты сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салу фактісі бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы) қылмыстық істі қараған.
Мекеме басшысы 2016-2023 жылдар кезеңінде өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы есепшінің көмегімен мұғалімдердің белгіленген штаттық бірліктерінен тыс жалақы мен үстемеақыларды заңсыз есептеу жолымен жалпы сомасы 62 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды, - деп жазылған сот хабарламасында.
Айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен расталды. Бұл әрекет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жатады, ол үшін заңда 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Сот балабақша директорының зейнет жасын ескере отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Есепшіге шын ниетпен өкінуін, мүліктік залалдың ерікті ішінара өтелуін, асырауында кәмелетке толмаған 4 баланың, оның екеуі жас бала екенін ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігі негізінде 2022 жылы туған бала 6 жасқа толғанға дейін жазасын өтеуді кейінге қалдыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ директор мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, ал есепші бухгалтерлік қызметке байланысты лауазымдарды 10 жыл мерзімге атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.