Екі жүзден аса тонна сатып алу жоспарланған
Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілері мемлекеттік мекеменің жоспарланған сатып алуға бағасын негізсіз көтеру фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Антикордың мәліметінше, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі шамамен 32,2 млн теңгеге немесе бір тоннасы 156 мың 250 теңге бағамен 206 тонна сұлы сатып алуды жоспарлаған болатын.
Тауарға техникалық құжаттаманы және нарықтық бағаларды зерделегеннен кейін 1 тонна сұлының құны 55 мың теңге мен 75 мың теңге аралығында екені белгілі болды. Бұл белгіленген бағадан екі-үш есе төмен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлердің – «Әділдік жолы» РҚБ филиалы өкілдерінің белсенді азаматтық ұстанымының және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің уақтылы араласуының арқасында ұйым тауар сатып алудан бас тартты. Нәтижесінде 32,2 млн бюджеттік теңге үнемделді.