Жамбыл облысында мемлекеттік мекеме көліктерді үшінші тұлғаларға заңсыз сатқан
Қылмыстық іс сотқа жолданады
Жамбыл облысында прокурорлар мемлекеттік мүлікті жымқыру деректерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Талас ауданының прокуратурасы «Таза-Талас» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі автокөліктерді заңсыз есептен шығару арқылы жымқыру фактілерін анықтады.
Кәсіпорынның басшылығы мекемеге тиесілі нарықтық құны 22 млн теңге болатын 4 автокөлікті жалған құжаттар рәсімдеу арқылы жарамсыз көлік ретінде заңсыз есептен шығарып, тиісті аукцион өткізбей, тікелей үшінші тұлғаларға сатқан.
Аталған дерек бойынша Талас ауданының прокуратурасы қылмыстық істі тіркеп, оны тергеп-тексеру облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасымен бірге жүргізілді. Қазір мекеме басшыларының іс-әрекеттері ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен («Жымқыру») және 369-бабы 1-бөлігімен («Қызметтік жалғандық») сараланды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Тергеп-тексеру барысында құны 17 млн теңге болатын 3 автокөлік мемлекетке қайтарылды. Төртінші автокөлікті қайтаруға шаралар қабылданып жатыр.
Қылмыстық іс сотқа жолданады.