Қаңтардан бастап жұмыс берушілер қызметкерлеріне өз есебінен зейнетақы жарнасын аударады

Еркеғали Болатұлы

Жарна жалақының 5 пайызына дейін көтеріледі

фото: Halyq Uni

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылар үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Алғашқы жылы зейнетақы жарнасының мөлшері жалақының 1,5 пайызын қамтыса, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 пайызға дейін көтеріледі.

2024 жылы – 1,5%;

2025 жылы – 2,5%;

2026 жылы – 3,5%;

2027 жылы – 4,5%;

2028 жылы – 5,0%.

Осылайша, жұмысшылардың зейнетақы шотына қосымша жарналар түсіп тұрады. Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілігі болады.

Келешекте зейнетақы 3 компоненттен:

  • мемлекеттен базалық зейнетақы;
  • жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен;
  • шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен тұрады.

Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары тек 1975 жылы 1 қаңтардан бастап туған азаматтар үшін аударылады. Осы датаға дейін туғандарға қосымша зейнетақы жарнасы төленбейді. Себебі оларда ынтымақты зейнетақы алуға қажетті еңбек өтілі бар.