Астанада қалған жолаушыларға билет құнының 100 пайызы қайтарылады - Көлік министрлігі

Еркеғали Болатұлы

Бүгін тағы 10 рейс тоқтатылды

фото: Астана әуежайының баспасөз қызметі

Әлеуметтік желілерде әуе рейсінің тоқтатылуына және кешіктірілуіне байланысты өз жоспарларын өзгерткен жолаушылардың билет ақшасын қайтару барысында әділетсіздікке тап болғандары туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.

Аталған мәселе бірден әрі толығымен жолаушылар үшін оңтайлы шешілген. Көлік министрлігі әуе компанияларына ауа райына байланысты Астанадан ұшып кете алмаған жолаушыларға билеттер құнын 100% қайтаруды тапсырды. Билетті арнайы қосымшалар арқылы қайтару кезінде белгілі бір сома ұсталып қалады деп шығуы мүмкін. Өйткені әуе компанияларының билет сатуға арналған жүйелерінің техникалық баптаулары автоматты түрде солай есептейді. Сондықтан билеттің толық құнын қайтару үшін жолаушылар әуе компанияларына тікелей жүгінуі керек. Мұны екі әдіспен іске асыруға болады: телефондарына хабарласып немесе Астана әуежайы ғимаратында орналасқан әуе тасымалдаушылардың кеңселеріне барып, билеттің толық құнын қайтарып алуға болады, - деді Жанжігіт Омархан.

Айта кетсек, Көлік министрлігінің өкілдері кешеден бері Астана әуежайында жүр. Министр өз рейстерін күтіп отырған жолаушылармен сөйлесіп, ауа райының қолайсыздығынан әуе көлігіне қатысты қалыптасқан жағдайды реттеу үшін жедел штаб құру бойынша тапсырма берген болатын.

Кеше әуе компанияларымен кеңес өткізіліп, жолаушыларды жөнелтуге және ұшу кестесін оңтайландыруға қатысты бірқатар шешім қабылданды.

Ал Астана халықаралық әуежайы бүгін ұшу-қону жолағындағы күрделі метеорологиялық жағдайға байланысты мына бағыттағы рейстердің тоқтатылғанын атап өтті:

  • LH 646 Астана-Франкфурт;
  • KC 7319 Астана-Қызылорда;
  • KC 956 Астана-Алматы;
  • KC 992 Астана-Алматы;
  • TK 355 Астана-Стамбул;
  • IQ 407 Астана-Шымкент;
  • KC 345 Астана-Өскемен;
  • 5W 788 Астана-Абу-Даби;
  • KC 762 Астана-Алматы.

31 желтоқсанда Астана халықаралық әуежайында барлығы 112 рейс жоспарланған.

Метерологтар елордадағы ауа райының қолайсыздығын хабарлап, 31 желтоқсанда ауаның ластану деңгейі де жоғарылайтынын ескертті.