Талдықорғанда бірнеше мектеп директоры 327 млн теңгені негізсіз жұмсаған
Қазір сотқа дейінгі тергеуге басталып, мәселенің мән-жайы анықталып жатыр
«Әділдік жолы» РҚБ Алматы қаласы филиалының сенім телефонына Талдықорған қаласындағы №12 орта мектеп-гимназиясындағы жемқорлық туралы хабарлама түскен. Онда дереккөз мектеп қаражатынан жымқыру туралы хабарлайды. Бұл туралы филиал басшысы Бауыржан Мақұлбаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, хабарлама авторы мектеп қаражатынан Г. Р. Салпинованың банк шотына 2020 жылдың шілдесінен 2023 жылдың ақпанына дейін 20 млн теңгеден астам қаражат түскенін мәлімдейді. Сондай-ақ, Е. Юсуповтың банк шотына 15 млн теңгеден астам ақша заңсыз түскен. Сонымен қатар, А. Е. Оразбаеваның шотына 2020 жылдың қарашасынан 2022 жылдың желтоқсанына дейін мектептің банк шотынан 20 млн теңгеден астам қаражат түседі. Ал Оразбаева ешқашан мектепте жұмыс істемеген, қызмет көрсетпеген де.
Сондай-ақ хабарлама авторы №6 орта мектеп және №10 орта мектеп-гимназия қаражатынан мектеп есепшісі М.Жолдинованың банк шотына 2020 жылдан бастап 16 млн теңгеден астам қаражат заңсыз түскенін жеткізген. Сондай-ақ, М.Жолдинованың атына №10 орта мектеп-гимназиясы қаражатынан 2022 жылы 3 544 000 теңге ақшалай қаражат заңсыз түскен. М. Жолдинова да ол мектепте ол уақыттары жұмыс істемепті.
Дереккөздің хабарлауынша, қаражат басқа да белгісіз адамдар арқылы да ұрланған. «Әділдік жолы» РҚБ филиалының өкілдері Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне дәлел келтіріп, 2 рет хат жазады. Сол күні, Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті осы хабарламаларды тіркеп, уәкілетті мемлекеттік органға тексеруді тапсырады.
Жетісу облысы бойынша ІІБ-нің 2023 жылдың 18 сәуіріндегі жауабынан белгілі болғаны, филиалдың өтініштерінде көрсетілген дәлелдер расталып, А.С.Макаренко атындағы №6 орта мектепте, Ш.Уәлиханов атындағы №10 орта мектепте және №12 гимназия орта мектебінде жалпы көлемі 327 млн теңгеден астам қаражатты негізсіз пайдаланғаны анықталған. Бүгінде оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.