Павлодардағы 185 млн теңгеден асатын жаңажылдық безендіру Антикордың назарына ілікті
Әкімдік алып мұз қалашықтарын салуға және ұзын сырғанақтар жасауға ауа райы ырық бермей тұрғанын ескермегенге ұқсайды
Павлодар орталық алаңға құны 52 млн теңгеден асатын шырша қойып жатыр. Оның биіктігі 30 метр болмақ. Ал Астанадағы бас шыршаның биіктігі – 25 метр.
Шыршадан бөлек, мейрамның көркін қыздыруға арналған безендіру жұмыстарына да қыруар қаржы бөлінген, деп хабарлады qazaqstan.tv.
Ертіс өзенінің жағасына мұз қалашық салынады. Оның құны – 53 млн теңге. Сырғанақ, ертегілер кейіпкері бәрі сол жерде болады. Одан басқа, қаланы безендіру үшін 80,5 млн теңге қаржы жұмсалады. Бүркіт пен шаңырақ бейнесіндегі әсем фигураларды қойып, самаладай жарқыраған шамдармен безендіреміз, - дейді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.
Биыл биік әрі алып мұз қалашықтарын салуға және ұзын сырғанақтар жасауға ауа райы ырық бермей тұр. Бірақ қыруар қаржы бөлерде әкімдік мұны ескеріп, сараптамаған сияқты. Осылай деп қоғамдық ұйымдар наразылық білдіріп жатыр. Құқық қорғау органдары болса, бөлінген қаражаттың игерілуін тексермек.
Жаңа жылдық шыршаны безендіру мәселесі бойынша қазір сыбайлас жемқорлыққа байланысты мониторинг жүргізе бастадық. Қорытындысы бойынша сіздерге қосымша хабар береміз, - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов.