Қызылорда облысында аудандық білім бөлімінің қызметкерлері 200 млн теңге жымқырған
Бюджет қаражатын білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін адамдардың есепшотына заңсыз аудару фактілері анықталды
Қызылорда облысының прокуратурасы Жаңақорған аудандық білім бөлімінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Прокурорлар бюджет қаражатын білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін адамдардың есепшотына заңсыз аудару фактілерін анықтады. Сонымен қатар, жалған еңбекке жарамсыздық парағы мен іссапар шығындары бойынша бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкереленді.
Аудандық білім бөлімі лауазымды қызметкерлерінің әрекеттерінен келтірілген шығынның жалпы көлемі – 200 млн теңге. Аталған факті бойынша облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін прокурорлар сол аудандағы мектептердің есепшілері мектептерде жұмыс істемейтін адамдардың есепшоттарына заңсыз ақша аударып, жымқырғанын анықтаған болатын. Оларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберіліп, кейбіріне қатысты айыптау үкімі шығарылды.