Ұйым УЕФА-дан түскен қаражат есебінен, сондай-ақ демеушілерден ақша тарту арқылы қаржыландырылады
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Францияға қарсы өткен матчтың (0:8) нәтижесіне қатысты пікір білдірді.
Біріншіден, Франциямен ойындағы сәтсіздік үшін отандық жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Біз әрбір жеңілісті ауыр қабылдаймыз. Тағы бір айтарым, негізгі құрамдағы ойыншылардың көпшілігі жарақатына байланысты Парижде ойнай алмады. Бүгінгі таңда бізде ұлттық құраманың резерві жоқ екенін айта кеткен жөн. Команда көшбасшыларын ауыстырған ойыншылар халықаралық деңгейде ойнауға әлі дайын емес, - деп түсіндірді ол.
ҚФФ бас хатшысы биыл және өткен жылдары Қазақстан футбол федерациясына мемлекет бюджетінен 200 миллион теңге бөлініп, ол түрлі жастағы (U17, U19, U21), Blind-Football (зағип жандарға арналған футбол), әйелдер, жағажай және футзал командаларының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға және жарысқа қатысуы үшін жұмсалғанын жеткізді.
Қандай миллиардтар туралы айтып отырғанын түсінбедім? Келесі жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік құрылымдар тарапынан жасалатын қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ұйым УЕФА-дан түскен қаражат есебінен, сондай-ақ демеушілерден ақша тарту арқылы қаржыландырылады, - деді ол.