«Жасырын табыс есебінен 4 пайыз 12 пайызға айналады» - автонесие жыры
Салондарда көлік болмағандықтан, күту мерзімі 1,5 айға дейін кешіктірілуі мүмкін
Еліміздегі жеңілдетілген автонесие мемлекеттік бағдарламасы дүрбелеңмен басталды. Көлік тапшылығы мен қосымша төлемдер көпшіліктің көңілін қалдырып жатыр.
Экономистердің айтуынша, жыл басынан бері көлік құны 20 пайызға қымбаттаған. Әлі де өсе түсуге тиіс.
Бір қарағанда, жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы тиімді-ақ. Ол бойынша көліктің максималды құны 15 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Банк 10-ын шығарады. Айырмашылықты сатып алушы төлеуі керек. Жылдық көрсеткіш – небәрі 4 пайыз. Ал несиенің мерзімі 7 жылдан аспайды. Бағдарламаға Kia, Hyundai, Chevrolet, JAC және Lada сынды отандық құрастырылған автокөліктер кіреді. Қызмет тек Қазақстан азаматтарына екі жылда бір рет қолжетімді. Алайда сарапшылар есептеулер жүргізіп, мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне күмән келтіріп отыр.
Автонесие бағдарламасын салыстыратын болсақ, жылдық 4 пайыз қосымша бонустармен және т.б. жалпы мөлшерлеме жылына 12 пайызға жетуі мүмкін. Демек, 4 пайыз жасырын табыс есебінен 12 пайызға айналады. Бұл да үлкен кемшілік,- дейді Қазақстан тәуелсіз автобизнес одағының сарапшысы Тілек Бекбасаров.
Жалпы, қазір банктер 4,5 мыңға жуық өтінішті мақұлдап, қазақстандықтарға 30 миллиард теңгеден астам несие берілген. Бұл – жеңілдетілген автонесиеге берілген жалпы соманың үштен бірі. Сатып алушылар тек таңдалған көлікті алуы керек. Бұл үдеріс жылдам емес. Себебі салондарда көлік болмағандықтан, күту мерзімі 1,5 айға дейін кешіктірілуі мүмкін.