17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Түркістан облысының білім беру саласының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам сома жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаменті Шардара және Сарыағаш аудандары білім бөлімдерінің есепшілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін азаматтардың шоттарына ақша аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге жымқырған.
Қазір Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Олардың 4-еуі қамауға алынды. Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаты бұғатталды, – делінген Антикор хабарламасында.
Сонымен қатар, тергеу барысында Түркістан облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған.
Сондай-ақ Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық топқа басшы мен оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектеп есепшісі кірді. Барлығы – 13 адам.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.