Комитет тұрғындарға салықты уақытында төлеу керектігін ескертеді
Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылдан бастап пәтерді жалға беретін қазақстандықтар салықты қалай төлейтінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
МКК мәліметінше, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) тек жеке тұлғаларға (өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтарға қатысты) 5 жылға (2019 жылдан 2023 жылға дейін) уақытша енгізілген болатын.
Егер бір жылда түскен табыс 4,1 млн теңгеден (1 175 АЕК) аспаса, БЖТ төлейтін қазақстандықтар жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелмеуге хақылы болған.
БЖТ төлеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызмет көрсетуді пайдалануға, әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік берді.
Алайда бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) қолдану кезеңі 2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Осыған байланысты МКК 2024 жылдан бастап пәтерді жалға беретін қазақстандықтар салықты төмендегі тәсілдермен төлей алатынын хабарлайды:
1) Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және таңдалған салық режиміне байланысты салық төлеу. Мысалы:
Патент негізінде арнаулы салық режимі (АСР) – жеке табыс салығының мөлшерлемесі (ЖТС) 1%, патент 1 айдан бір жылға дейін сатып алынады;
Оңайлатылған декларация негiзiндегi АСР – ЖТС мөлшерлемесі 1,5%, әлеуметтік салық 1,5%, есептілік жартыжылдықта 1 рет беріледі;
Арнаулы мобильді қосымша арқылы АСР, ЖТС мөлшерлемесі 1%, есептілік ұсынылмайды, қосымша салықтар мен төлемдер есептелмейді.
2) Жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз:
Жеке табыс салығы бойынша декларация (240.00-нысан) жылына бір рет тапсырылады, ЖТС алынған кіріс сомасының 10% мөлшерінде.
Пәтерді заңды тұлғаға немесе жәке кәсіпкерге жалға беру кезінде жалға алушы сіз үшін салық төлейді. ЖТС сомасы 10%, міндетті зейнетақы жарналары – 10%, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар – алынған кіріс сомасының 2% мөлшерінде.
Айта кетейік, жеңілдік санаты жоқ кәсіпкердің әлеуметтік төлемдерінің ең төменгі сомасы 2023 жылы 14 350 теңге болды. Бұл кәсіпкердің пайдасына төленетін төлемдер болып саналады: биылға зейнетақы жарнасы – 7 мың теңге, әлеуметтік аударымдар – 2 450 теңге, медициналық сақтандыру жарнасы – 4 900 теңге.