×

Спорт нысандарының құрылысына бөлінген 400 млн теңгеден астам қаржы діттеген жеріне жетпеген

Ауылдардың дамуына бөлінген қыруар ақшаны шенеуніктер тағы да жымқырып кеткен

 Динара Амантай 20.05.2022 | 16:09
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстан – ең бай мемлекет, барлық салаға, соның ішінде ауылдардың да дамуына қыруар қаржы бөлінеді. Алайда еліміздің бірқатар аймақтарында жемқорлықтың салдарынан салынып бітуге тиіс спорт нысандарының құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бұл туралы «Әділдік жолы» ҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов facebook-тегі парақшасына жазды.

Атап айтқанда, 2019 жылдың қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылында сауықтандыру кешенінің құрылысы басталып, желтоқсан айында рекордтық мерзімде аяқталуға тиіс болатын. Оның құрылысына 303 498 264 теңге бөлінген. Одан ары қарай шенеуніктер 2021 жылдың 31 мамырына дейін мерзімді ұзарта отырып, 5 қосымша келісім жасасқан.

Міндеттелген жұмыс 40%-ға ғана орындалғанына қарамастан, төлемді 60%-ға, яғни 179 550 753 теңгеге жасаған.

Біз араласқаннан кейін ғана 19 сәуірде қылмыстық іс қозғалды. Мемлекеттік аудит 118 575 766 теңге шығынды ресми түрде растады, – деп жазды Дидар Смағұлов.

2021 жылдан бері нысандағы жұмыс тоқтап тұр. Тұрғындар уәде етілген спорт кешенінің ауылда пайда болатынына енді үміттенбейді де.

Осы уақытқа дейін негізсіз түрде мерзімді ұзартып отырған құрылыс бөлімі сот арқылы мәселені шешпек болған. Алайда оның талаптарын сот жартылай ғана қанағаттандырған.

Жемқорлыққа қатысты екінші жағдай Қарағанды облысының Нұра ауданында байқалды. 2022 жылдың 5 қаңтарында жергілікті таланттарды тәрбиелеу үшін хоккей корты ашылуы керек еді. Бұған мемлекеттік бюджеттен 105 млн теңге бөлу жоспарланса, оның 87 миллионы 2021 жылы төленіп қойған.

2022 жылдың 25 сәуірінде қоғамдық бірлестіктің басшысы аталмыш ауданға барып, салынуы тиіс теннис кортын өз көздерімен көріп қайтты.

Міндеттемелердің анық орындалмағанына қарамастан, әкімдік жеткізушіні сотқа бермек тұрмақ, оны қалқалап отыр. Олардың айтуынша, қосымша келісімдер бар, бірақ ол жерлерде мерзімдерді ұзарту туралы бірде-бір сөз жоқ.

Сол күні біз Антикорға тиісті шағым түсірдік, қылмыстық істің қозғалуын күтіп отырмыз. Ал біз жемқорлықпен соңғы жемқор шенеуніктің алдында темір торлар жабылғанша күресе береміз, – деп түйіндеді сөзін Смағұлов.

Жазба соңында бірлестіктің атқарушы директоры кеше облыс әкімі Жеңіс Қасымбек облыста болып, ол да осы нысанды аралап көргенін жазды. Облыс әкімінің жеке бақылауы әділеттілікке ықпал етеді деп сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама