Пирамида қызметкерлері 15 млн теңгеге жуық ақша жымқырған
«GAP» ТК (Global Asar Project) басшылығына қатысты «Қаржы пирамидасын құру және басқару» қылмыстық ісі тергеліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің БҚО бойынша аумақтық департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылы БҚО аумағында қаржы пирамидасы құрылған. Яғни кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тартылған қаражатты пайдаланбай, активтерді қайта бөлу және кейбір қатысушыларды басқалардың жарналары есебінен байыту арқылы жеке тұлғалардан 75 мың теңге жарнасынан кіріс алу бойынша шаралар ұйымдастырылған болып шықты.
Зардап шеккен 14 адамға келтірілген жалпы шығын 15 млн теңгеге жуық ақшаны құрады.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды аса сақ болуға және қаржы пирамидаларына тартатын алаяқтардың айла-амалына түспеуге шақырады.