Halyq Uni логотип
×

«Зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге алына ма?» - премьер-министр жауап берді

Үкімет қарыз алса, оның қайтарылуына кепілдік береді

 Дәурен Ерболат 23.11.2023 | 14:58
«Зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге алына ма?» - премьер-министр жауап берді
фото: mail.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан инфрақұрылымдық жобаларға 1,5 трлн теңге алынады деген мәліметке түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысынан шыққан Үкімет басшысына журналистер «Үкімет БЖЗҚ-дан 1,5 трлн теңгені энергетикалық инфрақұрылымға тартуды жоспарлап отыр екен. Бұл қаражаттың қайтарымдылығына Үкімет қандай кепілдік береді?» – деген сұрақ қойды.

Әлихан Смайылов бұл жұмыс заң аясында жүргізілетінін атап өтті. 

Зейнетақы қорының басты міндеті – салымшылардың зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз ету және ұлғайту. Қор тиісті инвестициялық стратегияны қабылдады. Салымшылардың активтерін тек осы қаражатты кез келген кіріс әкелетін бағыттарға салу арқылы көбейтуге болады. Осы инвестициялық стратегияға сәйкес, зейнетақы қоры нарық қағидаты бойынша активтердің көлемін ұлғайтуға басымдық беріп отыр, - деді премьер-министр.

Оның айтуынша, қазір Үкімет индустрияландыру, көлік, инфрақұрылымы салаларында қаржыландыруды қажет ететін ірі жобаларды қарастырып жатыр. Осыған байланысты 
әртүрлі қаржыландыру көзі болуы мүмкін. Оның ішінде зейнетақы қоры да бар.

Бүгінде біз қаражатты тарту шарттарын Ұлттық банкпен бірге пысықтаудамыз. Үкімет қарыз алса, бұл қаражатты республикалық бюджет және квазимемлекеттік сектор есебінен өтеуді қамтамасыз етеді. Сондықтан Үкімет қарыз алса, ол мемлекеттік қарызда көрсетіледі. Бұл қарыз өтеу бюджетте белгіленеді. Үкімет қарызға міндеттеме алса, онда бұл қарыздарды өтеу үшін қаражат қарастырылады. Қаражаттың қайтарылуы міндетті түрде қамтамасыз етіледі, - деді Әлихан Смайылов.

Биыл 21 қарашада Энергетика министрі зейнетақы қорынан инфрақұрылымдық жобаларға 1,5 трлн теңге тартылуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.

«Энергетика саласына инвестиция ретінде керек қаражат 5 трлн теңгеден асады. Бүгін 1,5 трлн теңге бөлінуі ықтимал екені айтылып жатқанын ескерсек, бұл қаражат қандай да бір шұғыл тәртіпте іске асырылатын жобаларға бағытталуы мүмкін деп ойлаймын. Мен 1,5 трлн теңге туралы ақпаратты тек бүгін естідім», – деген еді Алмасадам Сәтқалиев Мәжілісте.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама