Қытайдан тауар алдырмақ болған елордалық әйел 31 млн теңгесінен айырылған
Екібастұз қаласының 20 жастағы тұрғыны өз кінәсін мойындады
Елордалық тұрғын Қытайдан тауар алдырамын деп алаяққа 31 млн теңге берген.
Екібастұзда тұратын қыз астаналықтарға Қытайдан тауарларды арзан бағамен алып беруге уәде еткен. Бірнеше ай бойы ол тауарды үнемі жеткізіп отырған. Осы мақсатта WhatsApp мессенджерінде әртүрлі тауарларды жарнамалайтын, кәсіпкерлерге көтерме бағамен тауар ұсынатын көптеген топтар құрған.
Жеткізу ауқымы iPhone телефондарынан бастап, ыдыс-аяққа дейін болған. Алайда тауарды сатып алу үшін тағы бір соманы алғаннан кейін әйел жасырынып, сатып алушылармен байланысқа шықпаған.
Астана қаласы Сарыарқа ауданының полиция басқармасына елорда тұрғыны жүгініп, Қытайдан тауарға тапсырыс бергенін айтқан. Күдікті алдын ала төлемді талап еткен. Ештеңеден күдіктенбей, әйел бірден алаяққа 31 млн теңге аударып жіберген.
Қазір полицияға алаяққа алданған 3 кәсіпкер арызбен жүгініп отыр. Осыған ұқсас схема бойынша 50-ге жуық азамат алданған, бірақ одан да көп зардап шеккендер болуы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу барысында Екібастұз қаласының 20 жастағы тұрғыны өз кінәсін мойындап, басқалардың ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты.
Алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.