Әскери бөлімдерге ескі-құсқы бөлшектерді жеткізген шенеунік 7 жылға сотталды
Ол 1 млрд теңгеден астам ақша жымқырған
Шығыс Қазақстан облысындағы «Семей машина жасау зауыты» АҚ лауазымды тұлғаларының бірі 1 миллиард теңгеден астам ақшаны ұрлағаны белгілі болды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті хабарлады.
Ұрлық қосалқы бөлшектердің құнын асыра бағалау және еліміздің әртүрлі әскери бөлімдерін пайдаланылған танк қозғалтқыштарымен, сондай-ақ танк құлаққаптарымен қамтамасыз ету арқылы жасалған.
Тергеу барысында зауыт бас директорының бірінші орынбасары Сүлейменов Қ.Р. танктерге арналған жаңа қозғалтқыштардың орнына әдейі 1985 - 2012 жылдары шығарылған қозғалтқыштарды жеткізуді ұйымдастырды, – делінген хабарламада.
Семей қаласы сотының үкімімен Қ.Сулейменов кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.