×

Референдум: Назарбаев пен оның отбасын өмір бойы «асырайтын» болдық па?

Барлық нормаларды алып тастау ұсынылады

 Еркеғали Болатұлы 19.05.2022 | 11:30
фото: ашық дереккөз

Telegram-чаттарда 5 маусымда өтетін республикалық референдум барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасының барлық мүшелеріне қол сұғылмаушылыққа кепілдік беретін және азаматтардың салықтары есебінен оларды өмір бойы асырауға мүмкіндік беретін түзетулер қабылданатыны туралы ақпарат тарады.

Алайда Stopfake Әділет министрлігі ол ақпараттың жалған екенін мәлімдегенін жазды.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, тұңғыш президент мәртебесіне қатысты Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасына сәйкес төмендегі үш норманы өзгерту ұсынылған:

42-баптың 5-тармағының 2-бөлігі алынып тасталады. Оған сәйкес бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне қолданылмайды;

46-баптың 4-тармағы алынып тасталады. Онда тұңғыш президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалатыны жазылған.

Қазір тұңғыш президенттің құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы туралы» жеке Конституциялық заңмен реттеліп тұр.

Тұңғыш Президентке және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке қол сұғылмаушылық аталған Конституциялық заңда белгіленген.

Бұл норма Конституциядан алынып тасталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасын Конституция нормаларына сәйкес келтіру үшін осы заңды жою қажет болады», - делінген Әділет министрлігінің хабарламасында.

Бұдан бөлек, Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасында тұңғыш президент мәртебесіне қатысты барлық нормаларды алып тастау ұсынылады.

«Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне және оның отбасына жаңа кепілдіктер беруді көздемейтінін хабарлаймыз», - деп хабарлады Әділет министрлігі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама