Шымкентте бір топ киберқылмыскер ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Екеуі Ресейден экстрадицияланбақ

фото: Halyq Uni

Бес жас жігіт өздерінің қылмыстық кибероперацияларын сенгіш тұрғындарға қоңырау шалу арқылы жүргізіп отырған. Сонымен қатар қылмыстық топтың әр мүшесінің өзіндік «міндеттері» болған. Бірі – алаяқтықтың ұйымдастырушысы, басқалары банк немесе кез-келген қаржы ұйымы операторларының рөлін атқарған, ал үшінші мүшесі банкоматтардан түскен ақшаны шешіп отырған.

«Қазір полицейлер аталған топтың интернет-алаяқтықтың 20-дан астам жайтына қатысы барын анықтады. Бүкіл ел бойынша алданған азаматтар бар. Олардың тарапынан келген шығын көлемі анықталып жатыр. Жәбірленушілердің айтуынша, алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде сенімді түрде таныстырып отырған», – дейді ішкі істер министрлігі.

Мәселен, жергілікті тұрғынға «банк қызметкері» қоңырау шалып, азаматтың атынан несие рәсімдегелі жатқанын хабарлаған. Содан бұл әрекетті болдырмау үшін қоңырау шалушы тұрғыннан қажетті ақпарат: банк картасының мәліметтерін, SMS-кодын және тағы басқа деректерді біліп алған. Кейін қала тұрғыны оның атынан екі млн теңгеге несие рәсімделгенін білген.

Ал кейбір жәбірленушіге қаскүнемдер карточкасынан біреулер үлкен сомада қаржы аудармақшы екенін айтып, өз қаражатын сақтап қалу үшін аталған шот нөміріне бар ақшаны аудару керегін жеткізген. Банктің жалған қызметкерлерінің нұсқауларын Әл-Фараби ауданының тұрғыны да орындаған. Содан ол шамамен төрт млн теңге көлемінде қаржысынан айырылған, – дейді ІІМ.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде тәртіп сақшылары банкоматтардан қолма-қол қаражатты алу міндеті жүктелген күдіктілердің бірінің ізіне түскен. Ол арқылы жедел уәкілдер тағы екеуін құрықтаған. Қалған екеуі Ресей аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадициялау жұмыстары жүріп жатыр. Тексеру барысында күдіктілерден 46 банк карточкасы, алты ұялы телефон, 20 SIM-карта анықталып, тәркіленген. Полиция қызметкерлері бұл қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатқа ие болу ықтималдығын жоққа шығармайды.

«Интернет-алаяқтармен күресу үшін мегаполис сақшылары тұрақты түрде тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар биыл Шымкент қаласы полиция департаментінде арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына тәжірибелі жедел уәкілдер мен тергеушілер кіреді. Бүгінгі таңда топ 94 интернет-қылмысты ашты», – делінген мағлұматта.