Спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырған 7 адамға қатысты үкім шықты

Динара Амантай

Қылмыстық іс бойынша 6,7 млн теңге шығын өтелді

Фото: Halyq Uni

Меркі ауданының прокуратурасы №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі лауазымды адамдарының қызметтік жағдайын пайдаланып, басқа да тұлғалардың көмектесуімен аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекеттік қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері жастар арасында спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жұмсау заңдылығын тексеру нәтижесінде әшкереленді. Шенеуніктердің бюджет қаржысын жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін аудару арқылы жымқырғаны анықталды.

2020 жылдың 29 ақпанында №16 спорт мектебі макеттер жасау және металл құрылғыларын дайындау үшін жалпы құны 2 млн теңгеден асатын қаражатты жеткізушіге төлеген. Алайда ол аталған жұмыстарды мүлде орындамай, бюджет қаражатын №16 Спорт мектебінің лауазымды тұлғаларының өтініштері бойынша қолма-қол ақшаға айландырған және өзінің қызметі үшін жалпы соммадан 10% алып отырған. Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген залал 16 млн теңгеден асты.

2022 жылдың 10 қазанында бұл фактіні Меркі ауданының прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен СДТТБТ-не тіркеп, оны облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеу басқармасы тергеді, – делінген хабарламада.

Тергеп-тексеру нәтижесінде 7 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа мәні бойынша қарау үшін жіберілді.

Биыл 3 қарашада Меркі аудандық сотының үкімімен №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры мен бұрынғы директоры, бас есепшісі мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 3,5 жылдан 7 жылға дейін және 4 сыбайласы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға айырыла отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық іс бойынша 6,7 млн теңге шығын өтелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.