Нартай Сәрсенғалиев спорт саласына бөлінетін 775 млн долларды тиімді жұмсауға шақырды
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қазақстанда спортқа қомақты қаржы бөлінетінін, ондағы ақша тиімсіз жұмсалып жымқырылатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жолданды.
Бүгінгі сауалым қарапайым халық ішер ас пен киер киімге жарымай жүргенде бюджеттің бүйірін теспей сорып отырған саладағы былықтарға арналады. Бұл – спорт саласы. «Спорт – денсаулық кепілі» дейміз, бірақ Қазақстанның спортына бөлінетін қаражат денсаулықтың емес, бәзбіреулердің шексіз баюының кепіліндей көрінеді маған. Мемлекет басшысы жуырда спортшылармен кездескенде «Кәсіби спорттағы жоғары жетістіктің болмағаны мемлекеттен бөлінетін қаражаттың нәтижесіз жұмсаудың, бюджетті жан жаққа шашудың себебінен» деп айтты, - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат Нидерланды, Дания елдерінің тәжірибесін мысалға алып, қыруар қаражат бөлмей де нәтижеге жетуге болатынын меңзеді.
«Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 млн доллар бөлу сау адамның ақылына сыя ма? Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп – 92 мемлекеттің ішінде 83-орын алды. Сонда әлгі 775 млн долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, жоғары жетістіктер спортына 41 млн доллар бөлген Нидерланды Токио олимпиадасында 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал жоғары жетістіктер спортына 46 млн доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз спортқа 775 млн доллар бөліп – 8 қоламен оралдық», - деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев кейбір спорт түрлеріне орынсыз ақша бөлінетінін мысалға келтірді.
«Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен аса спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр.
Соның тек 50-ге жуығы ғана Жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден аса спорт түріне министрлік не үшін бюджеттен ақша бөліп отыр?
Салыстырып айтайын, Ұлыбритания олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен қаржы бөледі, Германия 18 спорт түріне қазынадан ақша береді, ал көршіміз Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджет қаржысын жұмсайды. Қазақстан қазынадан ақша беретін 180 спорт түрінің ішінде пенчак-силат, балық аулау спорты, биатл мен триатл, петанк, текбол, унифайт, черлидинг дегендер жүр. Бұл атауларды бұрын естігендер бар ма өзі?
Айтпақшы Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін «спорт на пилоне» деген спорт түрі бар. Іздеп қараңыздар, министрлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жаға ұстайсыздар сосын?
Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 млн 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады? Ол аздай, қазақ күресінен мазақ турнур ұйымдастырып, оны жаһанға жариялап жүргендер бар», - деді депутат.
Сондай-ақ Туризм жіне спорт министрлігі шаруа қожалықтарын субсидиялауға 54 млрд теңге қарастырған.
Министрлік шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарға не үшін қаражат бермекші? Бұл сауалды комитет отырысында қойдық, бірақ жауап ала алмадық.
Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуға тиіс.
Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін спорт түрлеріне ғана басымдық беру керек. Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самрұқ-Қазына» қорынан 65 млн доллар бөлінеді. Бұл асып-тасу, түптеп келген ол ақша «Самрұқ-Қазынаның» емес, халықтың ақшасы, - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың пікірінше, легионерлерге бюджет есебінен жалақы төлеуді тоқтату қажет.
«Біз неге қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек? Легионер шақыра ма, оның айлығын спорт клубтары демеушілердің есебінен төлесін. Жергілікті спорт федерациялары орталыққа тікелей бағынуы керек. Әйтпесе, қазір әркім білгенін істеп кетті. Салдарынан нәтиже жоқ. Спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керек. Өйткені, құзырлы ведомство аймақтағы жағдайлардан бейхабар, тексеріп те бара алмайды. Аталған ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру қажет. Себебі, жуырда Париж олимпиадасы басталады, сол кезде тағы ұятқа қалмау керек», - деді депутат.