Атырау облысының мемлекеттік мекемесі 6 млн теңгеге жуық ақшаға жоқ етті «сатып алған»

Динара Амантай

Мониторинг барысында ауруханаларда асханалардың талаптарға сай еместігі анықталды

Фото: Halyq Uni

Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлері «Әділдік жолы» РҚБ Атырау филиалымен бірлесіп, ауруханаларға жүргізген мониторинг барысында асханалардың талаптарға сай еместігін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мониторинг облыстық балалар ауруханасы, психикалық денсаулық орталығы және онкологиялық диспансерінде жүргізіліп, мынадай кемшіліктер анықталды: тамақ өнімдерін пайдаланудың басталуы туралы таңбалау жоқ, дайындалған тамақ өнімдерінің әрбір партиясынан тәуліктік сынама алынбаған, мәзір денсаулық сақтау ұйымы басшысымен бекітілмеген, сондай-ақ көкөністерді сақтау шарттары сақталмаған.

Мұның бәрі Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы №ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейді.

Бұдан басқа, облыстық психикалық денсаулық орталығында ет (сиыр еті) жоқ, ал мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес биыл наурызда 3 млн 612 мың теңгеге 1 мың 500 келі ет сатып алынды және қазанда 2 млн 268 мың теңгеге тағы 1 мың 200 келі етті сатып алу туралы шарт жасалды, – делінген Антикор хабарламасында.

Сондай-ақ мониторинг кезінде мекеме асханасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығына қарамастан, асхана көшірілмей, сол жерде тамақ дайындалуы анықталды. Денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері анықталған фактілерді ғимараттың тозғанымен түсіндірді. Ғимаратты бұзып, қызметкерлер мен науқастарды басқа ұйымға ауыстыру туралы тұрақты уәделерден шаршаған басшылықтың айтуынша, жөндеу – мәжбүрлі шара.

Айта кетсек, бүгінде осы орталықта 120-ға жуық науқас стационарлық ем алып жатыр.

Мониторинг қорытындысы бойынша волонтерлер Денсаулық сақтау ұйымының басшыларына анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар енгізді.