Өңірлік прокуратура тексеріс жүргізді
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары автомобиль жолдары саласындағы бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Автомобиль жолдары туралы» ҚР Заңының талаптарын бұза отырып, Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды адамдары қаланың 20 көшесін ағымдағы және орташа жөндеу үшін орындалған жұмыс актілеріне қол қойған. Алайда олардың іс жүзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық стандартының белгіленген нормаларына сәйкес келмейтіні белгілі болды.
Басқа жағдайда, осы лауазымды тұлғалар заң талаптарына қайшы, мердігерлік ұйымдардан асфальтбетон қоспасына сәйкестік сертификатынсыз, облыс орталығының көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын қабылдаған. Қадағалау органының актісі бойынша жол берілген бұзушылықтарды жою, сондай-ақ лауазымды адамдарды белгіленген жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылданды.
Сондай-ақ Ғ. Мүсірепов ауданында 2022 жылы прокурорлық тексеріспен автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталды. Ауданның ТКШ бөлімінің басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының талаптарына қайшы, автомобиль жолдарын жөндеуге 427 млн теңге көлемінде ақы төлеген. Бірақ ол бойынша жұмыстар нақты орындалмаған, – делінген хабарламада.
Қадағалау органының материалдарына сәйкес, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына, мердігер ұйымның директорына және техникалық қадағалау сарапшысына қатысты бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.
Биыл 10 қазанда Петропавл қалалық сотының үкімімен аталған адамдар Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағы 2-тармақшасымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, – делінген прокуратура хабарламасында.