Шымкентте ЖШС басшысы 36 млн теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікке ілінді
Аудан әкімдігімен 18 мемлекеттік сатып алу шарттары түзілген
Шымкентте ЖШС басшысы 36 млн теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбекші аудандық прокуратурасының мәліметінше, мердігерге нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу фактісі анықталған. 2022 жылдың 11 наурызында Шымкент қаласының Еңбекші ауданы әкімінің аппараты мен ЖШС арасында «Жерлеу орындарын күтіп ұстау» бойынша келісімшарт жасалған.
Сонымен бірге 2021-2023 жылдары әкім аппараты мен аталған серіктестіктің арасында жалпы соммасы 37,9 млн теңге болатын 18 мемлекеттік сатып алу шарттары түзілген.
Тексеру барысында прокурорлар қарау және орындалған жұмыстардың актілеріне салыстыру жүргізіп, тапсырыс беруші іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға және жеткізілмеген тауарларға ақы төлеп, оларды қабылдағанын анықтаған. Аудиторлық тексеру қорытындысына сәйкес, орындалмаған жұмыс пен жеткізілмеген тауар сомасы 36,1 млн теңге болған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Осыған байланысты Шымкент қаласының Еңбекші аудандық прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2)-тармақшасы («Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оның өндірісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментіне жолданды.