Аудандық соттың хатшысына қатысты жаза кейінге қалдырылды
10 желтоқсанда Шиелі аудандық сотының судьясы Құрманбай мен оның хатшысы Қыдырәлиеваға қатысты айыптау үкімі шығарылды. Оларға тиісінше 2 жыл 6 ай және 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қыдырәлиеваның (хатшы) кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласы, оның ішінде 1 емізулі баласы болғандықтан жазасы кейінге қалдырылды.
Құрманбай жалған әділетсіз сот актілерін шығарғаны (ҚК 369-бабы 3-бөлігі) және қызметтік жалғандық жасағаны үшін (ҚК 418-бабы 1-бөлігі) кінәлі деп танылды. Қыдырәлиева сыбайластығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Құрманбай сот отырыстарын нақты өткізбестен, сондай-ақ жалған мәліметтер енгізу арқылы 12 азаматтық іс бойынша (тұрғын үйлер мен жер телімдерін сатып алу-сату мәмілелерін жарамды деп тану туралы) шешім шығарған.
Сотталушылардың жас балалары болғандықтан, сот Құрманбайдың жазасын 5-тен 2,6 жылға дейін, Қыдырәлиеваның жазасын 4-тен 2 жылға дейін жеңілдететін жағдай деп таныды.
Сондай-ақ, олар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Құрманбай сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.