Halyq Uni логотип
×

Алматыдағы инфекциялық аурухана 63 млн теңгеге бір көлік сатып алмақ болды

Қазір аурухана көліктен бас тартып, оның орнына 150 су кранын сатып алмақ

 Айнұр Шошаева 17.05.2022 | 13:23
Алматыдағы инфекциялық аурухана 63 млн теңгеге бір көлік сатып алмақ болды
коллаж: Halyq Uni

Алматыдағы И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы мемлекеттік сатып алулар порталында 63 900 000 теңгеге бір жедел жәрдем көлігін сатып алуға тапсырыс берген. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі араласқан соң, тапсырыс порталдан алынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Әділдік жолы» РҚБ мемлекеттік сатып алуларға жүргізген мониторинг барысында Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының мемлекеттік сатып алу жоспарының тізілімінде тауардың құнын көтеру белгісі бар тауарды бекіткені анықтаған. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу жоспарының тізілімінде арнайы, «B» сыныбындағы шұғыл медициналық көмек автомобилі бірлік үшін баға 63 900 000.00 құрайды, дегенмен қазақстан нарығында мұндай автомобиль айтарлықтай арзан тұрады.

«Мәселен, Mascus.kz сайтында «В» класты жедел жәрдем автомобилі 13 046 675 теңгеден аспайды. Сондай-ақ, ұқсас параметрі бар басқа маркалы жедел жәрдем көліктері тапсырыс берушінің бағасынан әлдеқайда арзан. Сонымен қатар, ресейлік Luidorbus.ru сайтында В класты жедел жәрдем көлігінің бағасы 2 000 000-нан 2 500 000 рубльге дейін құрайды», делінген бірлестік хабарламасында.  

Айта кетейік, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарының бірі - сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау.

Бұл жағдайда егер ұқсас тауарлар әлдеқайда арзан тұрса, тапсырыс берушінің бағасы бойынша тауарларды сатып алу қажеттілігі бар ма?, - деп қосты бірлестікте.

«Әділдік жолы» РҚБ осы мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне хат жолдап, алу жоспарына/шартына тиісті өзгерістер енгізу үшін шара қабылдауды сұраған. Ол сатып алу сомасын төмендету немесе қайта бөлу, не сатып алу қаражатын мемлекеттік бюджетке қайтарумен шарттың күшін жоюды көздейді.

Антикор аурухананың мемлекеттік сатып алу тапсырыстарына мониторинг жүргізіп, биыл мекеме 63 900 000 теңге сомасына 1 жедел медициналық жәрдем автомобилін ашық конкурс тәсілімен сатып алу бекітілгенін анықтап, жоспарды қайта қарау туралы мекемеге хат жолдаған.

Аурухана ол көлікті емдеу корпустары арасында коронавирус диагнозы бар ауыр жағдайдағы пациенттерді тасымалдау мақсатында сатып алмақ болғанын айтқан. Алайда қазір Алматы қаласында COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты емдеу корпустарының қызметі тоқтатылды. Осыған сәйкес, аурухана 2022 жылға арналған даму жоспарын түзету кезінде автомобиль сатып алудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

Алайда, көлік сатып алудан бас тартқан аурухана мемлекеттік сатып алулар порталында жаңа тапсырыс орналастырды. Онда раковинаға арналған 150 дана хирургиялық кран сатып алуды көздеп отыр. Оның әрқайсысы 12 мың теңгеден тұрады. Ол тапсырыс әлі ашық тұр, орындалған жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама