Павлодарда автобустың жолақысы 200 теңгеге дейін көтеріледі
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен 10 күннен кейін қолданысқа енгізіледі
Павлодар қаласында қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 200 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Оған қатысты әкімдіктің қаулысы жарияланды.
«Ашық НҚА»сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, қолма-қол ақшасыз және қолма-қол төленген ақының айырмашылығы 2 есе өседі.
Павлодар қаласының аумағында қалалық қозғалыстағы жолаушылар мен бағажды тұрақты автомобильмен тасымалдау бағыттарына келесі көлемде сараланған тариф – жолаушыларды тұрақты тасымалдау электронды төлем жүйесі арқылы, интернет желісі және байланыс құрылғыларын қоса алғанда, қолма-қол ақшасыз төлем үшін 100 теңге, ал жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда 200 теңге болып белгіленсін, - делінген құжатта.
Қоғамдық талқылаудың мерзімі 2 қарашаға дейін белгіленіп отыр. Ал қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.