Қостанай облысында аудан әкімдігіне қарасты мекеме тұрғындардың есебінен негізсіз пайда тапқан

Динара Амантай

Прокуратура 500 тұтынушының құқығын қорғады

Фото: Halyq Uni

Федоров ауданының прокуратурасы монополияға қарсы органмен бірлесіп Федоров ауданы әкімдігінің «Жылу орталығы» МКК монополияға қарсы заңнаманы сақтау мәселесі бойынша талдау жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Талдау барысында мекеме тарифтік смета шығындарының баптарын бес пайыздан астам көлемде орындамағаны анықталды. Осы арқылы негізсіз пайда табылғаны белгілі болды. Сонымен қатар, амортизациялық аударымдар құралдарын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды. 2022 жылы негізсіз алынған табыс көлемі 51 млн теңге болды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша монополияға қарсы орган Федоровка ауылының тұрғындары үшін «Жылу орталығы» МКК өндіретін жылумен жабдықтау тарифін төмендету жөнінде шаралар қабылдады. Сондай-ақ, уақытша өтемдік тариф бекітіліп, 500 тұтынушының құқықтары қорғалды.

Тұрғындарға келтірілген залалды өтеу мақсатында «Жылу орталығы» МКК 2023 жылғы 1 қарашадан бастап тариф 11 мыңи183,83 теңгеден 7 мың 435,58 теңгеге дейін, яғни 33,5%-ға төмендетілетін болады.