Halyq Uni логотип
×

Адамның кірісіне қарай алатын несиелерінің максималды мөлшерін шектемекпіз - Әбілқасымова

Одан журналистер «Тойға несие алуға заңмен тыйым салуға бола ма?» деп сұрады

 Дәурен Ерболат 20.10.2023 | 17:17
Адамның кірісіне қарай алатын несиелерінің максималды мөлшерін шектемекпіз - Әбілқасымова
фото: автор

Қазақстанда несие алуға шектеу қойылуы ықтимал. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістегі Парламенттік тыңдаудан соң төрағадан журналистер «Тойға несие алуға заңмен тыйым салуға бола ма?» деп сұрады. Мәдина Әбілқасымова несие алуға әркімнің құқығы бар екенін атап өтті.

Конституция бойынша адамдардың құқығын шектей алмаймыз. Алайда мәселені (халықтын шамадан тыс несие алуы) шешу үшін біз не істей аламыз? Алдымен қарыз алушының төлем қабілетін дұрыс бағалай білу керек. Егер ол несие алса, жалпы ай сайын төленетін несие көлемі (қарыз алушының) кірісінің 50 пайызынан аспауы керек. Мұны біз реттей аламыз. Бұл – халықаралық деңгейде белгіленген қарызға қызмет көрсету коэффициенті, - деді ол.

Сондай-ақ агенттік төрағасы заң аясында несие алуға шектеу қою мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.

«Біз нормативтік деңгейде қосымша не енгізгелі жатырмыз? Бұл – қарыз жүктемесінің жалпы коэффициенті. Ол қарызға шаққанда ай сайынғы төлем қанша болатынын қарастырмайды. Енді қарыз алушының кірісіне шаққанда қарыздың жалпы көлемі қанша екені ескеріледі.

Жалақы 300 мың теңге дейік. Демек ай сайынғы төлем 150 мың теңгеден аспауы керек. Енді біз адамның кірісіне қарай алатын несиелерінің максималды мөлшерін шектегіміз келеді. Мысалы, критерийлердің біріне тоқталайын. Адамның 6,6 айлық жалақысын, яғни 300 мың теңгені 6 айға көбейтеміз. Оның барлық қаржы ұйымы бойынша берешегінің ең жоғары сомасы 1 млн 800 мың теңгеден аспауға тиіс, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Сөз соңында ол ақшаны жинақтау мәдениетін қалыптастыру өте маңызды екенін де атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама