×

Субсидия алушыларға жаңа талап қойылмақ – Қарашөкеев

Осылайша, ауыл шаруашылығы саласындағы проблеманың бірі шешілмек

 Айнұр Шошаева 17.05.2022 | 10:35
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда жем-шөп базасының жеткіліксіздігі елдегі мал шаруашылғын дамыту мен оның өнімділігін арттыруды тежеп отыр. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі таңда ірі азықпен қамтамасыз ету 80%-ды, шырынды азықпен – 40%-ды, құнарлы азықпен қамтамасыз ету 50%-ды құрайды. Дегенмен тұрақты даму үшін мал шаруашылығы, толық қамтамасыз етумен қатар, азықтың сақтандыру қоры да болуға тиіс екені баршаға мәлім. Бұдан басқа жайылымдық жерлердің өнімділігін жақсарту бойынша тиісті жұмыстарсыз, оларды қарқынды пайдалану салдарынан проблемалар бар», - деді Қарашөкеев. 

Қазақстандағы азық базасының проблемасын шешу мақсатында өткен жылы жем-шөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірленді.

Алайда жергілікті жерлерде онда көрсетілген іс-шараларды іске асыру бойынша әлі де жүйелі жұмыс жоқ. Мал шаруашылығын жем-шөп базасын есепке алмай дамыту процесі жалғасып жатыр, - деп қосты ол. 

Министрдің айтуынша, мал шаруашылығын мемлекеттік қолдауда бірқатар проблема бар. Атап айтқанда, шаруашылықтарға мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарына ет контингентін жеткізу бойынша міндеттемелер мен мотивацияның болмауы, субсидиялаудың жоғары сыбайлас жемқорлық сипатқа ие селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа шамадан тыс шоғырлануы, мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарының жартылай жүктелуіне алып келген. 

«Нәтижесінде жоғары технологиялық өнеркәсіптік бордақылау мен мал союдың орнына қосымша құн мен мал шаруашылығынан түсетін салық түсімдерінің тиісті шығындарымен, жергілікті жерлердегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауымен аулалық бордақылау және сою өркендей бастады», - деді ведомство басшысы. 

Осыған орай, министрлік жем-шөп өндірісін дамыту үшін субсидия алушыларға бірқатар талап қойылатынын атап өтті. 

«Мал шаруашылығы бойынша субсидия алушылар үшін субсидиялау тетігін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде жем-шөп өндірісі бойынша қуаттардың және ауыспалы егісте жем-шөп алқабының болуы бойынша міндетті талаптар енгізіледі. Кепілдендірілген азық базасынсыз жұмыс істейтін мал шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау орынсыз деп санаймыз», - деп қорытындылады Ербол Қарашөкеев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама