Бала кәмелетке жетпей қайтыс болса, Ұлттық қордан бөлінген қаржы туыстарына беріле ме?
Ұлттық қордан балаларға қаражат беруді көздейтін заң жобасы туралы
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров егер бала кәмелетке жетпей қайтыс болса, Ұлттық қордан бөлінетін қаражат кімге берілетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министрге журналистер «Бала 18 жасқа дейін қайтыс болса, Ұлттық қордағы қаражат кімге беріледі? Балаға тиесілі төлемді оның ата-анасы немесе бауырлары алуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойды.
Әлібек Қуантыров бұл мәселе заң жобасын дайындау барысында пысықталғанын айтты.
Біз алғашында тұжырымдаманы әзірлегенде ақшаны (Ұлттық қорға) қайтаруды көздейтін норма болды. Содан кейін (бала қайтыс болған жағдайда Ұлттық қордан оған берілетін қаржы – авт.) ақша ата-анасында қалады немесе сол отбасындағы басқа балалардың арасында бөлінеді деген шешімге келдік, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр бұл ақшаны тек баспана алуға немесе жоғары білім алу мақсатында жұмсауға болатынын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға қаражат беруді көздейтін заң жобасына Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге келіскен еді.