Halyq Uni логотип
×

«Ұлттық қор – балаларға»: Мәжіліс сенаторлар енгізген өзгерістермен келісті

Ұлттық қордан 18 жасқа толған балаға 3,5 мың доллар түсетіні хабарланды

 Дәурен Ерболат 18.10.2023 | 10:48
«Ұлттық қор – балаларға»: Мәжіліс сенаторлар енгізген өзгерістермен келісті
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Ұлттық қордан балаларға қаражат беруді көздейтін заң жобасына Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге келісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның Сенат ұсынған жаңа редакцияда жекелеген баптары қаралды.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиев бұл заң жобасына депутаттар бастамашыл болғанын атап өтті.

Оның айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – кәмелетке толған кезде жиналған қаражат есебінен тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік жасау үшін Қазақстан азаматтарының өскелең ұрпағын қолдау.

Мәжіліс 23 қыркүйекте қабылдаған заң жобасы Сенат қарауына жіберілген еді. 13 қазанда Сенат заң жобасын кері қайтарды. Заңға 10 түзету енгізілді. Оның ішінде 5 түзету редакциялық нақтылау сипатында, 5 түзету заңның жекелеген нормаларын ішкі және заңнамалық актілерге сәйкес келтіруді көздейді, - деді депутат.

Берік Бейсенғалиев оның қандай өзгерістер екеніне тоқталды:

Мақсатты жинақтауда бірыңғай зейнетақы қорындағы шоттарға аудара отырып, екінші дейгейлі банктерде, Ұлттық пошта операторында ашылған банк шотына аударуды реттейтін нормаларда долларды теңгеге аудару мүмкін емес, бұл «аудару кезінде» деп өзгертілді.

Сенат енгізілген түзетулер заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Жоғары айтылғандарды ескеріп, комитет Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісуді ұсынады, - деді депутат.

Дауыс беру нәтижесінде депутаттар Сенат ұсынған өзгерістерімен келісті.

Бұған дейін Ұлттық қордан балаларға қаражат беруді көздейтін заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Сонымен қатар Ұлттық қордан 18 жасқа толған балаға 3,5 мың доллар түсетіні хабарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама