Ақмола облысында миллиард теңге бөлінген ауыл жолында әлі шикілік көп
Қоғамдық ұйым өкілдері тиісті орындардан тексеруді сұрап отыр
Мұндай жағдай Ақмола облысындағы Қажымұқан ауылында болған. Оны «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалы анықтап отыр. Филиал басшысы Дархан Құлжамбековтің айтуынша, 2019 жылы Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ашық конкурстың қорытындысы бойынша «Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында жол желісін күрделі жөндеу» жобасын іске асыруға «Прогресс KZ» ЖШС-мен №20 мемлекеттік сатып алу шартына отырады.
Шарттың №1 қосымшасына сәйкес барлық жұмыс түрін орындау мерзімі – 31.12.2020 жыл, ал құны – 1 125 598 692,96 теңге болып белгіленеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу порталы мәліметіне сәйкес шарттағы қаражат толығымен игерілген. Электрондық актілер бар.
Ауыл тұрғындары, әкім орынбасары және мердігер «Прогресс KZ» ЖШС өкілінің қатысуымен, ауыл ішіне салынған жолды сырттай қарап шығады. Ауылдағы Ш.Қалдаяқов, Достық, Біржан сал, Қ.Ахметбеков, Қажымұқан және басқа да көшелердің асфльтында, тратуарларында көптеген кемшілік анықталған. Оны суреттерден көрініп тұр.
«Прогресс КZ» компаниясы ауылдың 11.9 шақырым жолын күрделі жөндеуден өткізген. Тұрғындардың айтуынша 2 жыл бұрын салынған жаңа жолдың асфальт қабаты бұзыла бастаған. Асфальт шытынап, бордюрлері құлап, кейбір жерде тротуарлар аяғына дейін салынбаған. Асфальттың беті шытынап, көктем кезінде шайылып кеткен жерлері де болған.
«Прогресс КZ» компаниясы ауыл тұрғындарының бірнеше шағымынан кейін жолдағы ақауларды кепілдік мерзім ішінде жартылай ғана жөндеген. Ең қызығы, тапсырыс беруші немесе «Прогресс КZ» компаниясы кепілдік мерзімі аясында өздігінен жолдағы ақауларды жоюға асығар емес. Тұрғындар аңғармаса ақаулар сол күйінде жата беруі әбден мүмкін, - дейді бірлестік өкілі.
Тротуар төсеу кезінде жиектеріндегі бордюрлерді дұрыстап орнатпаған. Ол да суреттерден байқалады. Яғни, сапасы техникалық сипаттамаға сәйкес емес. демек, техникалық қадағалау болмаған деген сөз. Ол аздай, жол салған «Прогресс КZ» ЖШС кепілдік мерізім ішінде жолдағы олқылықтарды дұрыстауға асығар емес.
Ауыл тұрғандарының айтуынша, ақаулар жөндеу жұмыстарын қабылдап аларда да болған. Оның үстіне, төселген асфальттың қалыңдығы құжаттарда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейді. Сондай-ақ, визуладық қарау барысында жол учаскесінің жүріс бөлігінде рұқсат етілген нормалардан асатын толқынды (колея) және шөгінді (просадки) түріндегі ақаулар анықталған. Жоғары айтып отырғандай мемлекет тарапынан 1 125 598 692,96 теңге бөлінгенімен, бұл сомаға салынған жол сапасы мүлдем сай емес, - дейді Дархан Құлжамбеков.
Оның жазуынша, шарт бойынша жол сапасына кепілдік 3 жыл. Бірақ, осы 2 жыл ішінде кемшіліктер толығымен қалпына келтірілмеген соң, қалған санаулы айда «Прогресс КZ» компаниясы жөндеу жұмыстарын аяқтап шығады дегенге ауыл тұрғындары сенбейді.
Сондықтан осы мәселе бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орлалығы» РМК-нің және мемлекеттік ішкі аудит органдары қызметкерлеріне тексертуді сұрап отыр.