Halyq Uni логотип
×

Тағы 180 млрд теңге қайтарылады: заңсыз шығарылған активтерді қайтару процесі неге баяу?

«ӨКМ Операторы» ЖШС-дан 180 млрд теңге, Қайрат Сатыбалдыдан 300 млн доллар қайтарылған

 Ербол Тұрымбет 13.10.2023 | 15:54
Тағы 180 млрд теңге қайтарылады: заңсыз шығарылған активтерді қайтару процесі неге баяу?
Фото: Halyq Uni

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 шілдеде «Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойған еді. Бірақ арада үш ай уақыт өтсе де әлі күнге нәтиже жоқ. Бүгін жауапты органдар өкілдері осы заңның неге жұмыс істемей жатқанын түсіндіріп берді. 

Алдымен Мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтің айтуынша, қолды блоып кеткен активтің нақты көлемін болжап айту қиын. Әзірге тек батыс сарапшыларының 150-160 млрд доллар деген мәлімдемесі ғана бар.

Әйтсе де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Сүлейменовтің айтуынша, ел қазынасына былтырдан бері 857 млрд теңге қайтарылған. Оның ішінде активтен бөлек, ақшалай да, шетелдегі жылжымайтын мүліктер де бар. Мысалы, үкімі шыққан «ӨКМ Операторы» ісі бойынша 180 млрд теңге мемлекет меншігіне өткен. Оның бір бөлігі жеңілдетілген автонесиеге бөлінді. Ал нақ Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған актив көлемі 300 млн долларға бағаланады.

Одан бөлек, жыл соңына дейін Франция, БАӘ, Түркия және басқа да елдерден тағы 180 млрд теңге көлеміндегі мүлікті, оның ішінде шетелдегі қымбат көліктерді қайтару көзделіп отыр.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, негізгі мәселе, аталған заңның бірқатар нормасы 60 күннен кейін ғана күшіне енген. Оған қоса, заңды жүзеге асыру үшін Үкімет қаулысымен 27 нормативтік-құқықтық акті қабылдануы керек болып, ол бүгінде толық қабылданып болған.  

Ең бастысы, комиссия мен оның жұмыс органы саналатын комитет құрылды. Комитеттің негізгі функциясы – бастапқы сатыда осындай тұлғалар бойынша толыққанды анықтама жасау. Комитет құрылғалы бері осы жұмыспен айналысып келеді. Анықтама жиналатын азаматтар жауапты мемлекеттік лауазым атқарған немесе әкімшілік ресурстардың арқасында активтерді алған тұлғалар және солармен үлестес тұлғалар болады. Ішінде жақын туыстары, номиналды иеленушілер де болуы мүмкін. Бәрін ескеріп, ақпарат түгел жиналғаннан кейін комиссия талқыға сала отырып, оларды тиісті реестрге қосу-қоспау керек екенін шешеді, - дейді Алма Мұқанова.

Вице-министрдің сөзінше, ол реестр жабық болады. Себебі кінәсіздік презумпциясы бар. Тізімге алынатын азаматтар арасында қоғамға белгілі тұлғалар, бизнесмендер болары сөзсіз. Ал артынан кінәсі дәлелденбесе олардың бизнес репутациясы зардабы тиеді. Активтерінің құны жойылып кетуі мүмкін.

Дегенмен комиссия кей автивті уақытша «қатырып» қоя алады. Ал реестрге қойылған жағдайда ол адамға хабарлама жіберіледі. Сосын ол әрбір активінің қалай және қайдан келгенін көрсетіп, әдеттегі декларациядан бөлек, арнайы декларация тапсырады. Ал комиссия сол декларацияның негізінде қай активтің заңсыз жолмен иемденгенін білгілейді. Сөйтіп, оны мемлекет пайдасына қайтарып алудың үш жолын ұсынады:

  1. Өз еркімен мемлекетке қайтарып беру
  2. Өз еркімен мемлекетке қайтармаса, тиісті органдар сотқа жүгінеді. Сөйтіп, қылмыстық жауапкершілікке тартады.
  3. Егер активтке қатысты іс қозғау мерзімі өтіп кеткен жағдайда оны азаматтық іс бойынша сот арқылы қайтаруға күш салады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама