Ұлттық қордан 18 жасқа толған балаға 3,5 мың доллар түседі
Қазақстанда 18 жасқа толмаған шамамен 6,7 млн бала бар
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында әр бала 18 жасқа толғаннан кейін 3500 доллар алады деген жоспар бар. Бұл туралы Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық қордан балаларға қаражат беруді көздейтін заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Жалпы отырыстан соң депутат Бекбол Орынбасаров оның себебін де түсіндірді.
Сенатордың айтуынша, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ұлттық байлықты әділетті бөлуді көздейді.
«3500 доллар (1 млн 669 мың 229 теңге, 1 доллар – 476,92 теңге) деп 0 жастан 18 жасқа дейінгі жиналатын ақшаны айтып отырмыз. Бұл ақша инвестициялық табысқа байланысты. Мысалы, 2024 жылы бала 18 жасқа толса, ол 100 – 150 доллар алуы мүмкін. Жиналған ақша жете ме, жетпей ме деген сұрақ өзекті. Әрине, шетелде оқитын болса, оқуға жетпеуі мүмкін. Бірақ азғантай болса да ұлттық байлықтың шетінен алып, өзінің бір жыртығын жамайтын болса, ол да бір жетістік емес пе?!», - деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, бұл ақша Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ынан бөлінеді.
Қаржы бәріне бірдей жетпейтіні анық. Ұлттық қордағы қаражат басқа да мақсаттарға керек болады. Инвестициялық табыс нарықтағы әртүрлі жағдайға байланысты өзгеріп отырады, - деді Бекбол Орынбасаров.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 18 жасқа толмаған шамамен 6,7 млн бала бар.