Halyq Uni логотип
×

Ен байлыққа салық салу: жұмыс тобына аса ауқатты қазақстандықтар шақырылмаған

Министр ен байлыққа салынатын жаңа салық түрі қазақстандықтарға кері әсерін тигізбейтінін айтты

 Дәурен Ерболат 10.10.2023 | 12:33
Ен байлыққа салық салу: жұмыс тобына аса ауқатты қазақстандықтар шақырылмаған
Ерұлан Жамаубаев, фото: Halyq Uni

Қазақстанда ен байлыққа салық салу мәселесі бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Алайда жұмыс тобына ауқатты қазақстандықтардың ешқайсы шақырылмаған. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жаңа салық түрін енгізу мәселесі арнайы институт базасында қаралып жатыр.

Тиісті жұмыс тобы бар. Мұнда біз жүздеген отырыс өткіздік. Онда байлардың ешқайсын шақырып, пікірін сұрамады. Себебі, мұнда мемлекеттік органдардың, бизнестің, «Атамекен» ҰКП өкілдері мен депутаттарды және басқа да сарапшыларды шақырып, талқылау жүргіземіз. Ұлттық экономика министрлігі жанында Экономикалық зерттеулер институты бар. Осы ұйымда барлық сұрақ талқыланып жатыр, - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.

Вице-премьердің пікірінше, жаңа салық түрі қазақстандықтардың бай болуға деген ұмтылысын тежемейді.

«Әрбір адам, әрбір кәсіпкер бірінші кезекте жағдайын жақсартуға көңіл бөледі және сол бағытта жұмыс істейді. Сіз байлық салығы дедіңіз. Бұл сөздің қазақша терминологиясы келіспейді. Салық кез келген байлыққа салынбайды.

Орысша «роскошь», қазақша «ен байлық» болады. Біз соны анықтауымыз керек. Бұған дейін Ұлттық экономика министрі де, вице-министр де «Біз салық салуды ен байлыққа қарастырамыз. Құны өте жоғары ұшақтар, яхталар және тағы басқа асыл заттарға қарастырылады» деген болатын. Олардың реестрі болады. Тек соларға жоғары салық салынады.

Бірақ мұнда адам бай болуға мотивациясын (бай болуға деген – авт.) жоғалтпау керек деп мәселе дұрыс көтеріліп отыр», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрі Салық кодексінде байлығын жасырғысы келетін ауқатты қазақстандықтарды анықтау бойынша норма болуы мүмкін екенін жеткізді.

Кез келген кәсіпкер ен байлығын жасырып, қандай да бір (күмәнді – автор) схемаларға бармауы керек. Біз мұны қарастырамыз. Қарапайым қазақстандықтар үшін салық жүктемесін көбейтпейміз, - деп сөзін түйіндеді Ерұлан Жамаубаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама