×

«Самұрық-Қазынаға» алынатын әр қызметкерді шындық детекторы арқылы тексеру үшін қанша қаражат жұмсалады?

Әзірге ұлттық компанияда полиграф арқылы 29 тексеру жүргізілген

 Айнұр Шошаева 16.05.2022 | 11:03
коллаж: Halyq Uni

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры наурыздан бастап сатып алу саласындағы басшылар лауазымына профайтингті қолдана отырып, полиграф арқылы (шындық детекторы) қосымша тексеру енгізді. Осы ретте Halyq Uni тілшісі ұлттық компанияға ресми сауал жолдап, қордың бұл тексеруге қанша қаржы жұмсап жатқанын білді.

27 сәуірдегі жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары тобындағы бос лауазымдарға қабылдау кезінде профайлингті қолдана отырып, полиграф арқылы 29 тексеру жүргізілген. «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялар мен еншілес және тәуелді ұйымдар үшін бұл тексерудің жүргізілуіне ақы төлемейді. Компаниялар тексеру жүргізетін оператормен өз бетінше шарт жасайды.

«Қор тобының 7 компаниясы үшін профайлингті қолдана отырып, полиграфта (шындық детекторы) 29 тексеру жүргізілді. Тексерулер жүргізу үшін қаражат бөлу мәселесі (жоспарлы бюджет/үнемдеу/таза пайда және т.б.) – портфельдік компаниялардың операциялық қызметіне кіреді және осы компаниялардың басшылығы деңгейінде шешіледі. Осы орайда салық төлеушілердің қаражаты аталған қызметтерді сатып алуға қарастырылмайды», - делінген қордың ресми жауабында.

Қордың баспасөз қызметі полиграф арқылы тексеру құны қалай белгіленетініне қатысты сұраққа да жауап берді. 

Профайлингті қолдана отырып, полиграф арұылы кешенді тексеру - бұл үш бақылау әдісін қолдана отырып, үміткердің психо-жеке портретін анықтау бойынша қызметтер жиынтығы. 1 тексерудің құны шамамен 60 000 теңгені құрайды. Бұл сома бекітілген және лауазымға байланысты емес, - деп қосты қордың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жыл соңына дейін полиграфиялық бағалауға қанша қаражат жұмсау жоспарланып отырғаны белгісіз. Тексерулер саны портфельдік компаниялар мен еншілес және тәуелді ұйымдардың қажеттілігіне тікелей байланысты болады.

«Қазіргі уақытта 7 компания осы бағалау қызметін пайдаланады, 22 компания шарт жасау сатысында. Жеткізуші компания портфельдік компаниялардың қажеттілігіне сәйкес әзірленген қызметтің техникалық ерекшелікке сай баға ұсыныстарын сұрату негізінде таңдалды. Қызметтерді сатып алу Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібіне сәйкес Қордың электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі», - делінген жауапта.

Бұған қоса, полиграфиялық тексеруді кім жүргізеді деген сауалымызға жауап берді.

«Бұл өтініш берушілердің психологиялық жеке қасиеттерін жан-жақты бағалауға қажет. Сараптамалық қорытынды мен түйінді есеп жұмыс іздеушінің полиграфологтың сұрақтарына берген жауаптарын ғана арқау етпейді (иә / жоқ), одан тыс кандидаттың толық психологиялық жеке келбеті түзіледі», - деді қорда.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, нәтиженің сенімділігі (дәлдігі және жарамдылығы) бірнеше факторға байланысты. Атап айтқанда заманауи AQIQAT полиграфтары қолданылады. Сондай-ақ америкалық және еуропалық полиграфологтар қауымдастығы ұсынған ең сенімді тесттер ғана қолданылады.

«Ең бастысы - полиграфологтардың біліктілігі. Тексеруді 15-20 жыл жұмыс тәжірибесі бар Қазақстанның үздік мамандары жүргізеді. Бұл ретте міндетті түрде үш бақылау әдісі қолданылады: тексеруді бір маман жүргізеді; полиграммаларды (физиологиялық қисықтарды) екінші маман өңдейді, ал қорытындыны Еуразиялық полиграфологтар қауымдастығының президенті (1998 жылдан бастап полиграфта жұмыс өтілі бар) шығарады», - деп толықтырды Қордағылар.

Еске сала кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары мен еншілес, тәуелді ұйымдарына жұмысқа қабылдау үшін қатаң іріктеуден өту керек, олар бірнеше кезеңнен тұрады. Осы орайда аталған іріктеу ашық және объективті болса, неге полиграфта тексерудің қажеті қанша деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа қордың өз жауабы бар.

«Сатып алу саласындағы басшылар лауазымына (СЕО-1, СЕО-2) үміткерлер үшін 25 наурыздан бастап профайлингті қолдана отырып, полиграф арқылы қосымша тексеру енгізілді. Бұл шара моральдық-этикалық қағидаттары жоғары қызметкерлерді жұмысқа орналастыру және қылмыс жасауға бейім адамдарды жауапты лауазымдарға тағайындауды болдырмау мақсатында, үміткердің толық психо-жеке келбетін алуға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады Қордың баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама