Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасы іске қосылды

Ербол Тұрымбет

Бағдарламаға утилизация алымынан түскен 100 миллиард теңге бөлінеді

көрнекі фото: yandex.ru

Бүгіннен бастап қазақстандық банктер жылдық мөлшері 4 пайыздық автокредит бере бастайды.

Жеңілдетілген автокредит алу шарттары:

  • сыйақы мөлшерлемесі: 4 пайыз
  • несие сомасы: 10 миллион теңгеден аспайды
  • қаржыландыру мерзімі: 7 жылдан аспайды
  • бастапқы жарна: 0 пайыздан бастап
  • көлік құны: 15 миллион теңгеден аспайды.

Сондай-ақ қарыз алушы екі жылдың ішінде бір реттен артық автокредит ала алмайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға автокредит алуға басымдық беріледі.

Еске салайық, Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы сәуірден бастап жұмыс істейтіні айтылды. Бағдарламаға утилизация алымынан түскен 100 миллиард теңге бөлінеді.

Қазір осы бағдарламаға қатысатын 4 банк таңдап алынған. Олар: «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», «Форте банк» және Еуразиялық банк».

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, көліктің бағасы кредит сомасынан жоғары болса, үстінен ақша қосуға болады. Нақты шектеу жоқ.

«Автонесиеге келетін болсақ, бүгін отырыста шешім қабылданды. Бұрын айтқанымдай, осы айдың аяғында жұмысты бастаймыз. 10 миллион, 7 жылға 4 процентпен беріледі. 10 миллионнан жоғары соманы қоса беруге болады. Бірақ оны өз қалтаңыздан төлейсіз», - деді министр.