Қазаннан бастап ақылы автожолдардың тарифі қымбаттайды: жүргізушілер нені білуге тиіс
Ақылы жолда жүру құны 20% қымбаттайды
Қазақстанда ақылы жолдарда жүру тарифі 10 жылдан бері өзгермеген. Биыл 3 қазаннан бастап ондағы жүру ақысы 20% қымбаттайды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, елдегі ақылы жолдардың құрылымы біршама өзгереді.
Жалпы, ақылы жол құрылымында үш элемент өзгереді. Біріншіден, жолда жүру құнын 20%-ға артады. Екіншіден, енді оны айлық есептік көрсеткішке байланыстырамыз, жыл сайын АЕК өсуімен тариф көтеріліп отырады. Үшіншіден, жеңіл автомобильдер үшін емес, жүк көлігі үшін ғана екі жолақты қозғалыстағы жаңа учаскелерде жүруді ақылы ету мәселесін пысықтап жатырмыз, - деді Марат Қарабаев министрлікте өткен брифингте.
Сондай-ақ министр елдегі 2300 шақырым, төрт жолақты жолдардың ақылы екенін атап өтті. Оның ішінде Қорғастан Алматыға дейін, одан Қызылордаға дейін, Астана – Щучинск, Астана – Павлодар және Астана – Қарағанды учаскелері ақылы болып отыр. Министр ақылы жолдар енгізілгеннен бері (2013 жылдан бастап) тариф өзгермегенін айтты.
Егер көрші елдердің, Ресей, Еуропа елдерінің тарифтерімен салыстыратын болсақ, бізде әлдеқайда төмен. Басты негіз – Қазақстан транзиттік хабқа айналып келеді әрі Өзбекстан мен ҚХР-дан Ресейге және басқа елдерге автокөлікпен тасымал көлемі қазір ұлғайып келеді. Бұл біздің жолдарымызға қосымша жүктеме болып отыр. Осы реттегі мақсат – автожолдарды ақылы ету есебінен олардың сапасын барынша қамтамасыз ету, - деді сала басшысы.
Министрдің мәліметінше, жыл соңына дейін ұзындығы 2 334 шақырым болатын II және III санаттағы 10 учаскеде ауыр жүк автокөлігі үшін ақылы жол жүру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
«Ақылы жол жүру жүйесі ұзындығы 2 334 шақырым болатын 10 учаскеде жөндеу жұмыстары аяқталған соң жылдың соңына дейін іске қосылатын болады. Бұл ең алдымен Қазақстанның транзиттік әлеуетінің ұлғаюына әрі транзиттік жүк тасымалының еселеп артуына байланысты қабылданып отырған шара. Себебі, аталған жол учаскелерінде шетелдік жүк көліктерінің жоғары ағымы байқалып, бұл өз кезегінде жолдардың жай-күйіне айтарлықтай нұқсан келтіріп жатыр. Жолдардың бүгінгі сапасын сақтап қалу үшін осындай шара қабылдауға мәжбүр болып отырмыз», - деді Марат Қарабаев.
Айта кетейік, бұл өзгеріс Көкшетау – Петропавл (169 км), Павлодар – Семей – Қалбатау (448 км), Павлодар – Омбы (199 км), Орал – Самара (56 км), Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы (83 км), Орал – Саратов (100 км), Қостанай – Троицк (170 км), Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (88 км), Ақтау – Бейнеу (454 км), Қызылорда – Арал (567 км) учаскелеріне қатысты болмақ.