Halyq Uni логотип
×

Artsport-та тағы дау: Астанада жаңа кәсіпкерлер бағдарламаға қатыса алмай отыр

Астанада ғана осындай жағдай

 Ербол Тұрымбет 29.09.2023 | 11:29
Artsport-та тағы дау: Астанада жаңа кәсіпкерлер бағдарламаға қатыса алмай отыр
Коллаж: Halyq Uni

Бір топ кәсіпкерлер Еңбек кодексіндегі құқығы бұзылып отырғанын айтып, Бас прокуратураға жүгінді. Айтуларына қарағанда, Астана қаласы әкімдігі Artsport бағдарламасы бойынша мемлекеттік қаржыландыруға тек бұрыннан бірге жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерді ғана қалдырып, жаңа кәсіпкерлерді бағдарламаға тіркемей, шетке қағып отыр.

Бағдарламаның ережесін жазып шыққан Мәдениет және спорт министрлігі әкімдікке заң бұзып отырғанын айтып, хат жолдағанымен, оны қыстырып отырған әкімдік жоқ. Жылдам қимылдап, олқылықты жоюдың орнына уақыт созып жіберген. Ақырында бағдарламаға қатысу үшін платформаға жаңадан тіркелгісі келетін кәсіпкерлердің мәселесі сол күйі шешілмей қалған.

Наразы топтың айтуынша, қазір платформада 160 жеткізуші бар. Ал тіркеле алмай жүрген кәсіпкерлердің қарасы 30-ға жуықтайды. Оларға енді бағдарламаға қатысу үшін 2 жыл күтуге тура келеді.

Шетқақпайға қалғандардың бірі жеке кәсіпкер Айгүл Бижанованың айтуынша, тек бұрынғы кәсіпкерлерді ғана тіркейді деген қорытындыға келген себебі, әкімдік қаржыландыру басталатынын не сайтында, не басқа жерде жарияламай, тек бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлеріне ғана хабарлаған. Бюджет қаражаты болғаннан кейін жалпыға ортақ жариялануы керек деген қағида ескерусіз қалып отырғанын айтады.

Бес күн сабылдық, әкімдіктен еш қайран жоқ. Олар Мәдениет және спорт министрлігі жазған жаңа ережеге сүйеніп, жаңадан қатысқысы келетін кәсіпкерлерді тіркей алмайтынын айтты. Алайда сол министрліктің өзі әкімдікке ресми хат жолдап, жаңа қатысушыларды тіркемеу заң бұзу екенін хабарлады, - дейді ол.

Негізі алдымен мемлекеттік тапсырысты жариялау үшін жеткізіп берушілерді іріктеп алып, содан кейін ғана соларға спорттық секцияларды үлестіреді. Кәсіпкерлер әкімдіктің соны керісінше істеп, бұрынғы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлеріне бере салғысы келіп отырғанын айтады.

GMCA шахмат академиясының басшысы Данияр Омаров та әділетсіз бәсекелестікке тап болғанын мәлімдеді. Оның ойынша, әкімдік белгілі бір тапсырыс орындаушылардың мүддесіне ғана жұмыс істеп отырғандей әсер қалдырады. Өйткені, онсыз да әділетсіз бәсеке жағдайында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге бұл қосымша соққы.

Айталық, біздің шахмат академиясы биыл қаңтарда ашылып, өз бетімізше жұмыс істеп келеміз. Ал біздің бәсекелестеріміз осы «Артспорт» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қаржы алып, балаларды тегін жаттықтырып отыр. Енді кеше ваучерлер ашылған сәтте балалар бізден кетіп қалды. Өйткені, ақша төлеп жүргеннен тегін үйірмеге барған жақсы. Сол бағдарламаға біз де қатысайық десек, бізді қабылдамайды. Біз олардан бюджеттің ақшасын біреуден қайтарып алсын деп отырғанымыз жоқ, тек барлық тапсырыс орындаушыға бірдей жағдай жасап, әділетті бәсекелестік орта қалыптастырса болғаны, дейді Данияр Омаров.

Оның сөзінше, мұндай жағдай Астанада ғана. Бұдан кейін қашан бюджет қаражат бөледі, сол кезде ғана қатыса алады. Оған дейін екі жылдай уақыт бар.

Айта кетейік, қазір DamuBala сайтында Астанада спорт бағыты бойынша 7458 бала кезекте тұр. Мәдениет бағытының статистикасы әлі шықпаған. Екі бағыт бойынша 4,25 млрд теңге бөлінген. Өңірлер арасында ең көбі – Алматы қаласында. Онда спорт бағытындағы ваучерлерге 6856 бала жазылған. Ал жалпы бөлінген қаражат 5,85 млрд теңге.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама