Қазір Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық сотына хабарлама берілген
Ақмола облысы Бұланды ауданына қарасты Партизанка ауылында 53,2 млн теңге бөлінген алаң құрылысы толық бітпеген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Амангелді ауылдық округіне қарайтын Партизанка ауылы Астана қаласынан шамамен 250 шақырымда орналасқан. Қазір ауылда 800-дей тұрғын бар. Тұрғындардың көбі егін шаруашылығында жұмыс істеп күн көреді. Картоп салады, мал асырайды.
Атын атамауды жөн көрген ауыл тұрғыны ауылда көпфункционалды алаң салынады дегенде қуанғанын, алайда биыл күзде қолданысқа беріледі деген алаң құрылысы жоспардағыдай жүріп жатпағанын жеткізді.
Ауылда аурухана жоқ. Ауырған халық аудан орталығына баруға мәжбүр. Биыл құрылысы бітеді деген алаң құрылысы басталған күйі аяқталмай отыр. Жемқорлық қауіпі жоқ емес пе деген күмәніміз де бар, - дейді ауыл тұрғыны.
Расымен де, өзіміз куә болғанымыздай алаң құрылысы басталған күйі аяқталмаған. Кіре берісіндегі қолмен сырланған жазуы бар тақтайша кеңес кезінен қалған деп ойлауыңыз мүмкін.
Ауыл тұрғынының айтуынша, тақтайшаны бертінде, алаң құрылысы басталғанда орнатқан.
Тұрғындар айтып жүрген алаң темір бағаналар шаншылған, құм төселген алаңқай екен. Алаңның бітпеген құрылысынан қандай мақсатта салынып жатқан нысан екенін ажырату қиын.
Айналасы толған қоқыс. Құрылыс заттарына қажет үйілген құм мен қаппен тасып әкелінген ұнтақ резеңке. Әдетте мұндай жұмсақ резеңке алаңда ойнайтын балалар қауіпсіздігі үшін жайылады.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, Партизанка ауылында көпфункционалды алаң салуға Бұланды ауданының Амангелді ауылдық округі әкімінің аппараты тапсырыс берген. Ашық конкурс негізінде 2023 жылы 28 наурызда «Орал құрылыс» ЖШС-мен тапсырыс жасасқан.
Шарт құны – 32 237 441 теңге. Шарттың техникалық сипаттамасында абаттандыру жұмыстары мен алаң салу жұмыстары 2023 жылдың 31 шілдесінде аяқталады деп көрсетілген. Алайда инфрақұрылым құрылысы межелі кезеңде аяқталмай отыр.
Осы орайда, «құрылысты уақытылы орындамаған компания жауапқа тартыла ма?» деген редакция сұрағына жауап берген Амангелді ауылдық округінің баспасөз қызметі шартты жаңа компания жүргізіп жатқанын атады.
Абаттандыру және көпфункциялы алаң салуға 53 180 000 теңге бөлінді. Оның ішінде 32 237 441.60 теңгеге шарт жасалды. 23 510 500 теңге төленді, шарт бойынша қалдық 87 26 941.60 теңге. 2023 жылғы 29 тамызда шартты орындамағаны үшін Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық сотына хабарлама берілді. Жұмысты 2023 жылдың 31 қазанына дейін аяқтау жоспарланған. Байқау бойынша «Орал құрылыс» ЖШС жеңіп алды. Көп функциялы алаң орнату жұмыстары орындалып жатыр, - делінген ресми жауапта.
Айта кетелік, Halyq Uni тілшісі бұған дейін шалғай ауылдардағы қаржы бөлінген, алайда құрылысы аяқталмаған әлеуметтік нысандар туралы материал дайындаған. Оның ішінде бір жылдан бері сусыз отырған Ақмола облысы, Егіндікөл ауылы мен Абай облысына қарайтын Баршатас ауылындағы 67 млн теңге бөлінген су резервуары бар.