Halyq Uni логотип
×

Аймағамбетов үкімет резерві туралы: «Парламентпен мүлдем ақылдаспай жұмсалатын ақша»:

Депутат республикалық бюджетке қатысты мәселе көптігін айтты

 Халық үні 21.09.2023 | 13:01
Аймағамбетов үкімет резерві туралы: «Парламентпен мүлдем ақылдаспай жұмсалатын ақша»:
Асхат Аймағамбетов, фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына қатысты бірқатар мәселе көтерді.

БІРІНШІ: РЕЗЕРВТЕГІ ҚАРАЖАТ

Биыл Үкімет резервіне қарастырылған қаражат – 250 миллиард теңге болса, келесі жылы оны 417 миллиардқа дейін ұлғайтуды ұсынып отыр. Асхат Аймағамбетов мұны «Парламентпен мүлдем ақылдаспай жұмсалатын ақша деп те айтуға болады» деп есептейді.

Бізге төтенше жағдайлар кезінде ол қаражат шұғыл керек болады деген аргументтерді алға тартады. Оны да түсіну қиын. Бұған қоса, төтенше жағдайлар жиілейді деп айтады. Ал ол неге көбейеді? Көбейетіні туралы ақпарат болса неге оның алдын алуға болмайды? Жауап жоқ, - деп жазды депутат.  

ЕКІНШІ: МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ

Заңнамаға сәйкес студенттер, балалар және басқа да қолдауды қажет ететін азаматтар үшін МӘМС-тің жарнасын бюджет төлейді. Депутат бұл шешімнің заңға қайшы екенін айтып отыр.

Заңның 26-бабында бұл жарнаны бюджеттен МӘМС қорына бөлгенде ол орташа айлық жалақы мөлшеріне негізделуі тиіс деп жазылған. Бірақ келесі жылдың бюджет жобасында бұл жарнаны орташа емес, медианалық (төмен) жалақыға негіздеп қаражат бөліп отыр. Ал бұл заңға қайшы.

Сонда қажет болған кезде Үкімет орташа айлық жалақыға сүйеніп есеп береді де, ал енді денсаулыққа қаражат бөлгенде, заңды ескермей, медиандық жалақы есебінен санайды, - дейді депутат.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, МӘМС қоры осыған байланысты шамамен 200 миллиард теңгені жоғалтады.

Сәйкесінше медициналық қызметтер қолжетімсіз болады деген сөз. Ауруханалардың қарызға белшесінен батып отырғаны да осыған байланысты. Бұрын біз медициналық көмектің сапасын көтеру керек деп айтатынбыз. Ал қазір қаржаландырудың жетіспеушілігіне байланысты, оның қолжетімділігі туралы айтатын болдық, - деп сынады депутат.

ҮШІНШІ: ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ

Депутат дәрігерлердің жалақысы өскенімен, оны инфляция (қымбатшылық) жоққа шығарып жатқанын атап өтті.

«Президенттің тапсырмасымен дәрігерлердің жалақысы өсті. Бұл өте сәтті шешім болды. Бірақ осы жалақыны өсіретін кезде министрлік бюджеттен қаражатты тиісті деңгейде, пропорционалды түрде бермеді. Оған қоса коммуналдық қызметтер қымбаттады, басқа да шығындар, жалпы инфляция өсті. Нәтижесінде азаматтарды емдеуге, тексеріп-зерттеуге қаражат жетіспейді, себебі бөлінген ақша жалақы мен коммуналдық төлемдерден аспайды. Бұл мәселені шешпейінше, келесі жылы да халық зардап шегіп, керек медициналық қызметтерді ала алмай қалады», - деп жазды депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама