Алматыда мектеп бухгалтериясында 70 млн теңгенің ізі жоқ
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған
Алматыда мектеп бухгалтериясында 70 млн теңгенің ізі жоқ болып шықты. Мұндай келеңсіз жайды «Әділдік жолы» РҚБ Алматы қаласы филиалы өкілдері анықтаған. Соған байланысты қоғамдық бірлестік филиалы Бостандық ауданының прокуратурасына өтініш жазып, соның негізінде тергеу басталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп жемқорлық жағдайларын сырттай талдау барысында қаланың білім беру жүйесінде Алматы қаласы №60 жалпы білім беру мектебінің бухгалтериясында бюджет қаражатын ұрлау ықтималдығы байқалған. Алдын ала есепке жүгінсек, залал көлемі шамамен 70 млн теңгені құрайды.
Осыған байланысты Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу (бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау) жүргізіп жатыр.