×

Жамбыл облысында 900 млн теңге жымқырғандардың ісі сотқа жолданды

Олардың жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын мүлкі бұғатталды

 Динара Амантай 21.09.2023 | 09:49
Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында 900 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, ведомствоның үйлестіруімен облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті таңқурайдың элиталық сортын отырғызуды субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын анықтаған.

Нәтижесінде шаруа қожалықтарының жер телімдерінде таңқурайдың отырғызылмағаны, көшеттердің мүлде сатып алынбағаны анықталды. Өздерінің қылмыстық әрекеттерімен 4 адамнан тұратын топ, 2 жыл ішінде мемлекетке 900 млн теңгеден астам шығын келтірген, – делінген прокуратура хабарламасында.

Биыл 7 сәуірде аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 216-бабының 3-бөлігі және 218-бабы 2-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысында барлық күдікті қамауға алынып, олардың жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын мүлкі бұғатталды. 12 қыркүйекте қылмыстық іс айыптау актісімен аяқталып, негізінен қарау үшін сотқа жолданды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жариялауға жатпайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысында 800 млн теңгеден аса ауыл шаруашылығы субсидияларына жалған шот-фактура жазып берген алаяқтар ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама