Прокуратура Қайрат Боранбаевты не себепті 6 жылға соттауды сұрағанын түсіндірді
Сот үкімі 15 қыркүйекте шығады
Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаев және басқа сотталушылардың тергеумен процестік келісім жасауына қатысты пікір білдірді.
Ресми ақпарат бойынша, «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп және оларды заңдастыруға қатысты ісі бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасады.
Заң бойынша мұндай келісімді жасаудың міндетті – шарттары сотталушылардың ерікті түрде ерік білдіруі, олардың тағылған айыппен келісуі, дәлелдемелерге дау келтірмеуі, залалды мойындауы және жәбірленушінің келісімі.
Сотталушылар кінәсін толық мойындауын және 14,5 млрд теңгенің залалын өтегенін ескеріп, жәбірленуші тараптардың келісімімен қала прокуратурасы процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады, - делінген ақпаратта.
Оның шарттары бойынша сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағандықтан Боранбаев пен Нахановтың мүлкі тәркіленіп, әрқайсына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, ал Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып, үшеуіде мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келісті.
Мұндай жаза мөлшері Қылмыстық кодекстің 55-бабының 3-бөлігінің талаптарына сүйеніп айқындалды. Оған сәйкес іс жүргізу келісімі жасалған жағдайда жазаның мерзімі мен мөлшері қылмыстық кодекстің ерекше бөлігінің тиісті бабында көрсетілген жоғары мерзімінің жартысынан аспауға тиіс.
ҚК-нің 189 және 218-баптары бойынша ең жоғары жаза 12 жылдан аспайтынын ескере отырып, сотталушыларға тиісінше 6 және 5 жылдан бас бостандығынан айыру тағайындау ұсынылды.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Қайрат Боранбаевты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.